Алматы қаласының тұрғыны Гүлжан Ноғайбаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жасап, күйеуінің заңсыз қамауда отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жұбайы – Айбек Ноғайбаев олигарх Алидар Өтемұратовтың компаниясына тиесілі тұрғын үй құрылысында мердігер ретінде жұмыс істеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шағымданушының үндеуі "Письма Президенту" телеграм арнасына жарияланды.
Видео авторының сөзіне сүйенсек, Ноғайбаев тарапынан барлық жұмыс тиісті келісімшартқа сәйкес орындалғанымен, бірнеше жылдан кейін кәсіпкер "ақша жымқырды" деген айыппен тергеуге тартылып, қазіргі уақытта алты айдан бері СИ-18 тергеу изоляторында қамауда отыр.
"Күйеуім ешқашан ол компанияда қызметкер немесе материалдық жауапты тұлға болған емес. Қылмыстық істегі материалдардың өзінде қаражаттың негізсіз алынғанын дәлелдейтін бірде-бір сараптама немесе аудит қорытындысы жоқ", — дейді Гүлжан Ноғайбаева.
Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары заңды келісімшартпен бекітілген, тиісті төлемдер шот-фактура және орындалған жұмыс актілері арқылы құжат жүзінде расталған. Бірақ тапсырыс беруші тарап – Өтемұратовтың компаниясы бірнеше жылдан кейін көрсетілген қызмет құнына келіспей, төлем жасаудан бас тартқан.
"Азаматтық-құқықтық сипаттағы дау қылмыстық іске айналып отыр. Бір рет бұл іс тоқтатылып, қылмыс құрамы жоқ деп танылған. Соған қарамастан, тергеу органдары мен прокуратура бұл істі қайта қозғап, Медеу аудандық сотына жеткізді", — дейді шағымданушы.
Ол Президенттен әділеттілік сұрап, жалғыз баспанасы да ипотекада екенін алға тартты.
"Егер ұрлық жасасақ, жалғыз үйіміз неге банкке кепілде тұр? Байлық пен билікке ие бір отбасының сөзі шындықтың орнын алмастырмауы тиіс", — дейді үш баланың анасы.