Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды

Dalanews 23 ақп. 2024 16:18 2513

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Орал қаласының коммуналдық-энергетикалық секторындағы бірқатар нысанды аралап, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сапар барысында Үкімет басшысы 1961 жылдан бері жұмыс істеп тұрған "Батыс Су Арнасы" сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорнында болды. Орал қаласы ауыз суды негізінен Жайық өзені және жерасты көздерінен алады. Премьер-Министрге 2023 жылы 6 су ұңғымасының құрылысы аяқталғаны туралы баяндалды. Сондай-ақ қазір жұмыс істеп тұрған су тазарту қондырғысының әбден тозығы жеткен.

Олжас Бектенов өңір басшылығының назарын тұрғындар тарапынан, әсіресе жаз айларында ауыз су тапшылығына қатысты арыз-шағымдарға аударып, су тазарту жүйесін реконструкциялауға байланысты ЖСҚ әзірлеуді жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Оның өндірістік қуатын тәулігіне 50 мың текше метрге дейін арттыру керек. Үкімет қажетті қолдау көрсететін болады.

Сумен жабдықтау желілерін (тозу – 60,5%), су бұруды (тозу – 61,3%) жаңғыртуды жеделдету, сондай-ақ кәріз-сорғы стансаларын реконструкциялау бойынша бірқатар тапсырма берілді.

Сонымен қатар Премьер-Министр қауіпті қызыл аймақта орналасқан "Жайықжылуэнерго" АҚ электр және жылу энергиясын өндіру кәсіпорнының ағымдағы жағдаймен танысты. Кәсіпорында Олжас Бектенов бас диспетчерлік бөлмені, турбина залы мен қазандықты аралап көрді.

Бүгінгі таңда үш қазандық агрегаты (№2,4,9) мен турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды, 16,5 шақырым жылу желілері жөнделді. Сонымен қатар үш энергетикалық қазандық пен №3 турбинаны кезең-кезеңімен ауыстыру жобасын әзірлеу жұмыстары басталды. Бұл шаралар бүкіл станса жұмысының сенімділігін арттыруға бағытталған.

"Мемлекет басшысы атап өткендей, елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі міндеттерінің бірі. Республика бойынша ЖЭО тозуы 66%-ды, ал Орал қаласында 86%-ды құрап отыр. Жобалық-сметалық құжаттама қалай дайын болады, әкімдік тиісті өтінімді енгізуі тиіс. Оны қарап, кезең-кезеңімен шешеміз", — деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысына тауарлық газ өндірісін арттыру және өңірді газдандыру барысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.

Сонымен қатар жылыту маусымын ескере отырып, өңір басшылығына елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.

Анықтама: Еліміз бойынша ЖЭО-ның орташа тозуы 66%-ды құрап отыр. Мемлекет басшысының қызыл аймақта орналасқан 19 ЖЭО-да тозу деңгейін азайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде 28 қазандық пен 16 турбинаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы еліміздің жылу көздерінде барлығы 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x