НЗМ-дегі жағдай: мұғалімді балағаттаған оқушыға қатысты соңғы шешім шықты

Қаракөз Амантай 28 мам. 2025 10:51

Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде орын алған оқиғаға байланысты мектеп әкімшілігі оқушымен, оның ата-анасымен және ұстаздармен кездесу өткізді. Бұл кездесуге Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл мен қоғамдық кеңес мүшелері де қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесу барысында мектеп тарапынан бұрын қабылданған шешім қайта қаралып, жан-жақты талқыланды. Алайда мектеп басшылығы бұл шешімнің күшінде қалатынын мәлімдеді: оқушы Назарбаев Зияткерлік мектебінен шығарылып, мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды. НЗМ басқарма төрағасы Ануар Жанғозиннің айтуынша, оқушының ата-анасы бұл шешімге қарсы емес.

“Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылармен әрдайым өзара құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынас орнатуға ұмтылады. Сонымен қатар мұғалімдерге деген құрмет — мектептің басты қағидаларының бірі”, – деді Жанғозин.

Ол қоғам тарапынан білдірілген алаңдаушылыққа алғыс айтып, ашық кері байланыстың маңызын атап өтті. Сондай-ақ жағдайға жіті көңіл бөлген Оқу-ағарту министрлігі мен бала құқықтары жөніндегі уәкілдерге ризашылығын білдірді.

Еске салайық, Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 11-сынып оқушысының оқудан шығарылуы қоғамда қызу пікірталас тудырды. 23 мамырда мектеп әкімшілігі жасөспірімді тәртіп ережесін бұзды деп оқудан шығарған. Кейіннен оқушы видеоүндеу жасап, кінәсін мойындап, кешірім сұрады.

Мектеп ұсынған мәліметке сәйкес, қорытынды бағалау кезінде оқушы телефон қолданған, мұғалім ескерту жасағанда, ұстазға балағат сөз айтқан. Осы оқиғадан кейін мәселе тәртіптік кеңесте қаралып, оқушыны мектептен шығару туралы шешім қабылданған.

Жасөспірім жариялаған бейнеүндеуде өз әрекетіне өкініш білдіріп, бірнеше рет кешірім сұрағанын айтады. Ол оқуын сол мектепте жалғастыруға мүмкіндік беруді сұрап, қажет болса, қоғамдық жұмысқа тартылуға немесе өзге тәртіптік шараларға дайын екенін мәлімдеген. Сонымен бірге, мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан өзіне қатысты жалған ақпарат таралғанын жеткізді.

"Егер маған осы мектепте оқуымды жалғастыруға мүмкіндік берілсе, тәртіптік жазаға да, қоғамдық жұмысқа да дайынмын", – деді ол бейнеүндеуінде.

Оқушының жағдайы ушығып кеткен соң, қоғам белсендісі Аида Букаева оның денсаулығы күрт нашарлағанын хабарлады. Оның айтуынша, жасөспірім бірнеше күн тамақ ішпей, жүйке жүйесі сыр берген, тіпті жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар