Нұрлан Ноғаев: «Азаматтық қоғам белсенді болса, мемлекет те қуатты болады»

Dalanews 26 нау. 2022 09:15 1032

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Қарақия ауданына жасаған жұмыс сапарының екінші күні бірқатар ауылдар мен ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, халықпен кездесулер өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Ең алдымен, аймақ басшысы "Құрық-Ақтау" тас жолының 20-шы шақырымында жұмысы тұралап қалған жылыжай аумағын аралады. "Эко продакшн" серіктестігі биыл жалпы ауданы 460 гектар болатын жердің 3 гектарына қияр, қызанақ және құлпынай егуді жоспарлап отыр. Кәсіпкер өз ісін дөңгелету үшін инфрақұрылым жүргізуге көмек сұрады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде жылыжай салумен айналысқысы келетін кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау қажеттігін атап өтті.



Сондай-ақ, аймақ басшысы Құрық ауылында орналасқан Қызылқұм елді мекеніндегі "Рысбек" шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Кәсіпкер жалпы аумағы аумағы 32 га жердің 6 га жүзім, алма жеміс ағаштарын отырғызса, 3 га жерге жылыжай салған. Сондай-ақ, тамшылатып суару технологиясы бойынша жоңышқа, арпа егіп, мал азығын дайындауды жолға қойған. Кәсіпкер өз өнімін Жетібай, Мұнайшы, Құрық ауылдарында және Ақтау қаласында сатады.

Жалпы аудан бойынша 1645 жеке қосалқы шаруашылық және 655 шаруа қожалығы тіркелген, оның 41-і егіншілікпен айналысады. Сонымен қатар, жалпы ауданы 2,9 га болатын 22 фермерлік жылыжай бар. Өткен жылы 122,5 га көкөніс тұқымдары себіліп, нәтижесінде 3117,5 тонна өнім алынды. Ал, биыл 130 гектарға көкөніс егіп, 4000 тоннаға жуық өнім алу жоспарланып отыр.


Нұрлан Ноғаев Орталық мәдениет үйінде Қарақия ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Есеп беру кездесуінде аудан әкімі Қыдырберді Беков 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, 2022 жылға арналған міндеттер туралы айтты. Нұрлан Ноғаев өз кезегінде тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныстарын тыңдады. Кездесуде аудан тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту, қаңғыбас иттерді ату, спорт залын, кәріздік тазарту құрылысын салу мәселелерін көтерді. Нұрлан Ноғаев, өз кезегінде көтерілген мәселелер басымдықтарына қарай жүйелі түрде шешілетінін атап өтті.

Бұдан кейін облыс әкімі Құрық ауылында азаматтарды жеке қабылдады.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Қарақия кәсіптік колледжінің жұмысымен танысты. Онда жеті мамандық бойынша білім алады: автомобиль шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, ветеринария және экология, байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар, сәулет және құрылыс, тігін өндірісі және киім үлгілеу. Оқу орнында 200 орындық жатақхана жұмыс істейді. Бүгінгі таңда барлығы 394 студент білім алуда. 2021 жылы колледжді 118 түлек бітіріп, оның 84-і мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.

Колледж жұмысымен танысқан аймақ басшысы аудан жастарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында жастар облыс әкіміне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын айтты. Жастар көтерген мәселелер негізінен әлеуметтік мәселелерге қатысты болды. Өңір басшысы бүгінгі болашақ білімді, сауатты, бәсекеге қабілетті жастардың қолында екенін атап өтіп, жастарды азаматтық қоғамды дамытуға қатысуға шақырды.

- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты тұлғаларға азаматтық қоғамды дамыту, оның әлеуетін нығайту үшін бар күш-жігерін салуды тапсырды. Азаматтық қоғам неғұрлым күшті болса, ел соғұрлым күшті болады. Ол үшін қазір барлық жағдай жасалған, жоспарымызды жүзеге асыру ғана қалады, - деді Нұрлан Ноғаев.


Облыс әкімі Құрық ауылында орналасқан "Аксон Мед" оңалту және қайта бейімдеу орталығында болды. Онда 40 адам жұмыс істейді.



Орталық түрлі операциядан кейінгі және жүрек-қан тамыр, бел-омыртқа аурулары мен спорттық жарақаттарды оңалту, қалпына келтіру қызметін көрсетеді.

Мекемеде қимыл жаттығуларына, сумен, токпен, тұзбен емдеуге, парафинмен емдеуге және физиотерапияға арналған арнайы кабинеттер жұмыс істейді. Орталықтың күніне 200-ге дейін емделушіні қабылдау мүмкіндігі бар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар