Нұрбол Назарбаевтың банкроттық туралы айласы өтпей қалды

Көркем Алдабергенова 09 жел. 2025 09:08

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тану жөнінде сотқа өтініш берген. Алайда сот арқылы ресми түрде банкрот атану оған әзірге мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Биыл қыркүйек айында Нұрбол Назарбаев сотқа жеке тұлғаны банкрот деп тану туралы арыз жолдаған. Өтініш қабылданып, «соттық банкроттық процедурасын қолдану туралы» азаматтық іс қозғалды.

Одан кейін қазан айында Shishkin Like Telegram-арнасы Нұрбол Назарбаевтың 15 қыркүйектен бастап борышкер ретінде тіркелгенін хабарлаған еді. Берешек сомасы – 57 миллиард теңге. Сол кезде оның барлық банк шоттары бұғатталып, мүлкіне тыйым салынғаны, сондай-ақ компаниялардағы үлестеріне шектеу қойылғаны айтылды. Бұған қоса, оған елден шығуға тыйым салынған.

Соттың баспасөз қызметі Назарбаевтың өтініші қараусыз қалғанын хабарлады.

«2025 жылғы 19 қарашадағы анықтамаға сәйкес, Назарбаев Нұрбол Болатұлының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасын қолдану туралы арызы қараусыз қалдырылды», – делінген жолданған жауапта.

Осылайша, экс-президенттің жиені әзірге ресми түрде банкрот болып, төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге қол жеткізе алмады.

Айта кетейік, банкроттық – қарызын өтей алмай қалған жеке тұлға немесе компанияның заңды түрде борыштан құтылу тетігі. Сот арқылы банкроттық рәсімі жүргізілген жағдайда, борышкердің мүлкі сатылып, түскен қаражат қарызды өтеуге жұмсалады. Мүлік жетпеген жағдайда қалған қарыздар заңға сай кешірілуі мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар