Nur Otan өкілдері оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларды қолдау бойынша ұсынстарын ортаға салды

Dalanews 29 жел. 2021 06:31 917

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың өзекті мәселелері «Nur Otan» партиясы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мице-министрі Ержан Біржанов мәлімдегендей, 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін еліміздің еңбек күші артық өңірінен еңбек күші тапшы аймағына 9,1 мың отбасы қоныс аударып, 10,9 мың азамат жұмысқа орналастырылған.

– Қоныс аударушыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін кейін сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үй ұсыну тетігі іске асырылуда. Солтүстік Қазақстан облысында 2019-2020 жылдары 1 003 үй, 2020 жылы Павлодар облысында 307 пәтер сатып алынды, – деді вице-министр.

Алайда, Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев аталған тұрғын үйлердің сапасына қатысты азаматтардан көп шағым түсіп жатқанына назар аудартып, жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.

Мысалы, биылғы қаңтардан қазан айына дейін Түркістан облысынан солтүстік өңірлерге 417 отбасы немесе 2 мыңдай адам көшіп барған. «Nur Otan»-ның Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бұл сан бұдан да көп болуы мүмкін еді деп есептейді. Ол ішкі көші-қонды ынталандыру үшін бірқатар ұсынысты ортаға салды.

– Ішкі көші-қонды үйлестіріп отыру үшін тікелей желі ашу қажет. Сайт ашып, мәліметтердің барлығы барынша қолжетімді болуы үшін барлық деректі бір базаға жинақтаған жөн. Мүмкіндігіне қарай солтүстік өңірлердің әкімдіктері біздің облыстың халық тығыз қоныстанған аудандарынан фронт-офис түрінде өз өкілдіктерін ашуы тиіс. Бұл тек қоныс аудару процесін жеделдетіп қана қоймайды, сонымен қатар болашақ қоныс аударушылар үшін де едәуір жеңілдік туғызады, – деп мәлімдеді Бейсенбай Тәжібаев.


Қоныс аударушылардың басым бөлігі ауыл шаруашылығында жұмыс істегісі келетіндіктен, нұротандықтар олар үшін 1-2%-пен жеңілдетілген несие әзірлеуді ұсынды.

Кеңес мүшелері «Nur Otan»-ның еңбек саласындағы сайлауалды уәделерінің орындалу барысын да қарастырды. Биылғы жылы 730 мыңнан астам адам «Еңбек» бағдарламасының қатысушысы болған, «Бастау бизнес» жобасын бітірушілер саны 33 мыңнан асқан. 5 мыңнан астам жұмыссыз азамат enbek.kz Электронды еңбек биржасы арқылы қысқа мерзімді курстардан өткен.

– Пандемияға қарамастан, елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ті құрайды. Еңбек даулары мен шиеліністерін шешу тәртібін оңтайландыру бойынша заңнамаға түзетулер пакеті әзірленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 42,5-тен 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы мәлімдеді. Бұл да партияның сайлауалды бағдарламасымен ұштасып отыр, – деп атап көрсетті Кеңес төрағасы.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар