Баспасөз мәслихатында Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласы құрылғалы бері ауыз су, кәріз және жылу желілеріне жаңарту жұмыстары жүргізілмеген айтты. Бүгінде коммуналдық желілердің 75%-ға тозығы жеткендіктен, жылына орташа есеппен 1500 апаттық жағдай орын алады екен.
Аймақ басшысының айтуынша кезек күттірмейтін мәселені шешу мақсатында 2025 жылға дейін 24 шағынауданында 918 шақырым инженерлік желілерге жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Қаладағы инженерлік желілердің жалпы ұзындығы – 1232 шақырым. Оның ішінде су желілері – 437,8 шақырым, кәріз – 329,6 шақырым, жылу – 464,4 шақырымды құрайды.
Биыл 2 шағын ауданның, яғни, 3а-3б шағынаудандарының жылу желілеріне жөндеу жұмыстары басталады. Сонымен қатар бүгінгі күні 1-6 шағынаудандардағы су және кәріз желілерін жаңғырту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда.
Инженерлік желілер жаңартылғаннан кейін, қалада ауыз су мен жылу беру мәселелері оңтайланатынын айтады облыс басшысы.