"Сарыарқа" хоккей клубы 170 млн теңге қарызға батты. Бұл туралы Nege.Aqsha арнасы жазды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Арна мәліметінше, Қарағандының «Сарыарқа» хоккей клубы 2021 жылдан бері несие берешегі көбеюі мен бюджеттік қаржыландыру қысқаруына байланысты қаржылық қиындықтарға тап болған.
"Қызметкерлердің уақытша жұмысты тоқтатуының экономикалық себептері іс материалдарымен расталады: "UHY SAPA Consulting" ЖШС аудиторлық тексерісінің қорытындылары, несие берушілердің талаптары, несие берешегін өндіру туралы сот актілері және бухгалтерлік құжаттар. 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы мәліметке сәйкес 31 наурыздағы жағдай бойынша клубтың жалпы қарызы, оның ішінде қызметкерлердің жалақысы мен міндетті аударымдары 170 433 141,77 теңге болды», – деп жазылған 2025 жылғы 27 ақпандағы Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысында.
"Дядя Ваня" арнасы «Сарыарқаның» қаржылық жағдайының нашарлауын 2022 жылы Нұрлан Нығматулиннің Мәжіліс төрағасы қызметінен кетуімен байланыстырады.
Бас прокуратура «Сарыарқаның» бұрынғы директоры Арғын Нығматулинді іздестіріп жатыр.
Нығматулинге қатысты іс
Қазір Арғын Нығматулинге және Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген басқа да адамдарға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Ал бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинді іздеп жатқаны хабарланды.
Бұл іс биыл 3 наурызда Астанада тіркелді. Іздеуге бастама жасаған - прокуратура.
Ашық дереккөз мәліметінше, Арғын Нығматулин - Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің және экс-депутат Ерлан Нығматулиннің ағасы.
Ол 1955 жылы 28 маусымда дүниеге келген. 2007 жылы сәуірден 2018 жылға дейін «Сарыарқа» хоккей клубы» ЖШС директоры қызметін атқарды. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болды.