Назым Қызайбай сыйға берілген көліктерін сатып, жеке залын ашпақ

Көркем Алдабергенова 15 жел. 2025 10:08

Үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай арманын орындау үшін Олимпиададан кейін сыйға берілген көліктерін сатпақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Назым 2025 жылға қойған жоспары көп болғанын, олардың көбі орындалғанын атап өтті. 

"Бірақ мен үшін ерекше маңызды үш үлкен мақсат бар еді. Біріншісі - үш дүркін әлем чемпионы атану. Екіншісі - ата-анама үлкен үй сыйлау. Үшіншісі - өзімнің бокс залымды ашу. Осы мақсаттардың екеуі орындалды. Үш дүркін әлем чемпионы болдым, оған қоса осы жылы екі әлем чемпионаты болғандықтан, өз рекордымды жанарақым келді, бірақ екіншісінде күміс алдым. Осылайша Әлем чемпионатында толық комплект болды. Отбасыма үлкен үй де алдым, бәрі мәз… Өзімді мақтап қойяын да",  - дейді Назым. 

Спортшы енді үшінші арманын орындауға "кіріскен".

"Қазір шағын ғимаратты қарастырып қойдым, ұнап та тұр, соған байланысты бір хабарландырумен бөліскім келеді. Өзімнің әдемі көлігімді сатамын. Бұл көлік маған Олимпиададан кейін сыйға берілген, бір жылдан аса уақыт міндім, жағдайы жақсы. Көлікті жақсы көремін, бірақ арман мен мақсат үшін бұл қадамға баруға дайынмын. Қызығушылық танытқандар жекеге шықсаңыздар болады, болмаса ағама хабарласыңыздар", - дейді спортшы. 

Еске салайық, былтыр күміс жүлдегер гимнаст Нариман Құрбанов пен қола жүлдегерлер дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, боксшы Назым Қызайбай, оқ атудан сайысқа түскен мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаевқа пәтер сертификаттары және ақшалай сыйлықтар берілген болатын. 

Барлық жүлдегер 5 және 4 млн теңгенің сертификаты мен жаңа автокөліктердің кілтін алды. Олимпиадада елдің намысын қорғаған барлық алматылық спортшы мен жаттықтырушылар құрамы да ақшалай сертификатпен марапатталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар