Dalanews.kz әлі күнге дейін актуалдығын жоғалтпаған мақаланы оқырман назарына ұсынғанды жөн көрді.
...
Соңғы кезде кейбір зиялы қауым өкілдері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты патша деп атауға құмар болып алды.
Бұл сөз сауаты аз, молдалық оқудан басқа ештеңе білмейтін Рәтбек Нысанбайұлының аузынан шықса бір сәрі.
Осы сөзді кейбір академик атағы бар белгілі азаматтардың, қоғамдық сананың алдыңғы сапында жүрген жазушылардың, өнер қайраткерлерінің аузынан естігенде таңғалмасқа шараң қалмайды.
Егер бұл адамдар әлгі сөзді жеке әңгіме, жиын-тойда айтып қойса түсінуге болар еді. Оны Президент сөзінің бір синонимі ретінде қабылдар едік.
Алайда олар бұл сөздерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, газет-журнал бетінде жариялауға құмартып барады. Газеттері де ондай сөзді басуға даяр тұрады. Ешбір шімірікпей, Назарбаев патшамыз» деп баса береді.
Осыны күнделікті көріп отырған Президенттің өзі не болмаса оның кеңесшілері бұларың қалай, бұл сөздерің Конституцияға қайшы әрекет қой, Қазақстанда патша лауазымы жоқ, 5 жыл мерзімге сайланған Президент уақытша басқарады. Оны кейін жаңа Президент ауыстырады деп түсінік беріп жатқаны байқалмайды.
Жоғары жақтан наразылық болмаған соң, олар осы сөзіміз президенттің құлағына жағып отырған екен деп онан әрі қайталайды. Тіпті, жай патша дегенді қойып, «ақ патша» деп соғатындарын қайтерсің.
Патша сөзін алғаш мүфти айтқан-ды, оны кейін оның сұхбаттас досы Қалтай Мұхамеджанов қостап шыға келді.
Сөйтіп, сөз бірте-бірте күнделікті қолданатын сөзге айналып барады. «Патша айтты ғой, патшадан асып қайда барады, патша айтты, бітті, патшаның қойған адамы» деген сияқты сөздерді күнде естіп жүрміз.
Әрине, соңғы Конституция бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігі көптеген патшалардың өкілеттігінен әлдеқайда басым. Үкіметті, Парламенттің белгілі бір бөлігін, Жоғарғы сот мүшелерін өзі тағайындайды, өзі ауыстырады.
Бұндай құқық бірде-бір монарх, король, патшаларда болған емес. Ондай құқық Шыңғыс хан мен Әмір Темір және басқа да ежелгі ел басшыларында болған болуы мүмкін. Бірақ ХХ ғасырдағы патшаларда жоқ.
Соған қарамастан, Конституциямызды мойындайтын болсақ, Нұрсұлтан Назарбаевты патша деу барлық заңдарымызға томпақ келетін ұғым. Патша лауазымы монархиялық саяси жүйедегі елді тұқым қуалап басқаратын адамның лауазымы.
Бізде әзірге ол жүйе орнаған жоқ. Әлде «ақ патшам» деушілер сол жүйенің орнағанын қалай ма?!
Бұл да күмән тудыратын нәрсе, шамасы, олар Президентке жағып қалудың тура жолын тапқан адамдар.
Президенттің құлағына бұл сөз жақпаса, баспасөз мәслихаттарының бірінде ол айтар еді ғой, «қойыңдар, жеке басқа табынушылықты» деп.
Ең өкініштісі әрі қоғамдық ойға орасан зор зиян келтіретіні осы сөздің баспасөз беттеріне шығуы.
Бір беделді басылымда «Роза Бағланова және бес патша» деген сұхбат жарияланыпты. Жасы сексенге шығып, көпті көрген, денсаулығы да мәз емес қарт кісімен сөйлескен журналист әріптесіміз бүкіл сұхбатты осы патша сөзінің айналасына құрған. Бес патшасы: Сталин, Хрущев, Брежнев, Колбин және Назарбаевтар екен.
Соның ішінде Роза апайдың ең жақсы көретіні соңғы патша Нұрсұлтан Назарбаев болып шықты.
Сұхбаттағы әйгілі әншінің сөз саптауы былай: «Ал ел билеушіге келсек, Алла Тағала бізге Нұрсұлтан Әбішұлындай патша берген, Ақ патшаға рух болатынын, атыс-шабыс соғысты былай қойғанда, өзінің сыртынан нешеме ғайбат, не қилы сөз айтып жатқандардың біразын түрмеге салып, соттатқан емес, Ақ патшам халқымның бағына енді бір 10 жыл тұрса, аяғымызды нық басып кетер едік».
Міне, осы сияқты «ақ патшамдар» сұхбатта толып жатыр. Роза Бағланова Иосиф Сталинді де, Никита Хрущев пен Леонид Брежневті де жек көрмейді екен.
Олармен арадағы қарым-қатынастарын, тіпті кейбір интимдік мәселелерді де сөз етіп кеткен.
Осынау қоғамдық ойға мысқал да пайдасы жоқ, жеке бастың көрген-түйгенін жариялау арқылы әлгі газет не ұтпақ? Әлде Роза Тәжібайқызының «ақ патшам» деген сөзін жариялау үшін пайдаланып отыр ма?
Жалпылай алғанда, «ақ патшам» сөзі де осы «ақ патшамды» сәт сайын қайталайтын Роза Бағланованың бұл сұхбаты әлгі газеттің беделіне бедел қоспасы анық. Тоталитарлық жүйеден қоғамдық санасы әлсіреп, әзер шыққан бұқара халықты демократияға үйретудің орнына, орта ғасырлық диктатура оқпанына қарай сүйреп, оның санасына сен үшін патша ойлайды, сен ол жөнінде біл деп насихат жүргізу елінің болашағын ойлаудан туған әрекет емес.
1999 жыл