Назарбаевтар әулетінің шетелдегі активтері қылмыс болып саналмайды

Көркем Алдабергенова 29 мам. 2025 13:27

Қазақстан Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарына тиесілі болуы мүмкін деген шетелдік мүлік жайында пікір білдірді. Бұл сұрақ шетелдік басылымдарда жарияланған деректерге байланысты қойылған еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Елемесовтің айтуынша, шетелде мүліктің немесе активтің болуы – өз алдына қылмыс емес.

– Сіздер не туралы айтып тұрғандарыңызды толық түсінбедім. Менің қолымда ондай ақпарат жоқ. Шетелдегі активтің өзі – қылмыс емес, мұны дұрыс түсіну қажет. Егер сіздерде нақты мәлімет болса – мысалы, бұл актив қылмыстық жолмен алынған, бюджеттен ұрланған ақшаға сатып алынған деген сияқты – сол деректерді беріңіздер, – деді агенттік өкілі.

Ол егер агенттік қандай да бір қылмыстық әрекет белгілерін анықтаса, заңға сәйкес тергеу басталатынын жеткізді.

– Шетелде біреудің активі бар екен деген жалпылама сөздерге ғана сүйеніп, тексеріс жүргізу дұрыс емес, – деді Елемесов.

Еске салайық, Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы тікелей эфирде президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеген болатын. Ол Қазақстанды 30 жыл бойы басқарды, ал 2022 жылы саясаттан толықтай кеткенін жариялады.

Соңғы жылдары шетелдік БАҚ-та Назарбаевтың отбасына тиесілі делінген қымбат үйлер мен активтер туралы материалдар жиі жарияланып келеді. Алайда Қазақстанның ресми органдары мұндай мүліктерге қатысты тексеруді нақты дәлел болған жағдайда ғана жүргізуге дайын екенін айтады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар