Назарбаеваның үй күтушісі кінәсін мойындауға дайын

Dalanews 20 қаз. 2023 16:25 687

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шынар Мұқтарованың ісі бойынша негізгі сот талқылауы басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Оператор РОП" компаниясының ресми құрылтайшысы, ал бейресми деректер бойынша Әлия Назарбаеваның үй күтушісі Шынар Мұқтарованың адвокаттары процессуалдық келісім жасасу туралы өтініш бергендерін жария етті.

Тергеушілердің мәлім еткеніндей, Мұқтарова компанияның бұрынғы бас директоры Светлана Коротенкомен бірге 920 миллион теңге ұрлаған.

Қазір Мұқтарова екі қылмыстық бап – 28-баптың 3-бөлімі (қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастыру) және 189-баптың 4-бөлімі (сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету) бойынша айыпталып отыр.

"Біз бұл іс бойынша біздің эпизодқа қатысты залалды өтеуге ниеттіміз", — деді адвокат.

Бұл іс бойынша жәбірленуші тарап – "Жасыл Даму" АҚ.

Халықаралық іздеуде жүрген "Оператор РОП" ЖШС-нің бұрынғы құрылтайшысы Ш. Мұқтарованы шілде айында Біріккен Араб Әмірліктерінде ұсталып, Қазақстанға экстрадициялаған 


Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров қыркүйек айында куәгерлер Әлия Назарбаеваны "Оператор РОП"-тың соңғы бенефициары ретінде көрсеткенін айтқан еді.

"Алайда бұған сот та, Бас прокуратураның өкілдері де назар аудармады. Мұны қалай түсінеміз?", - деген болатын депутат.

Әлияның сыбайласы саналған Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың биылғы жылдың шілдесінде жеті жылға сотталғанын айта кету керек. Оған компанияның топ-менеджерлерімен ауыз жаласып, 26,8 млрд теңгені қымқырды, бұдан бөлек қоқыс өртейтін алты зауыттың құрылысына бөлінген 180 млрд теңгені жымқырмақ болды деген айып тағылған.

Ал DALA INSIDE телеграм арнасының мәліметінше "Жаңа Қазақстан" Әлия Назарбаеваға жақындап келеді".

"РОП операторына қатысты бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваның үстінен іс қозғау туралы пікір алмасулар жүруде. Оның фабуласы, барлығы дайын", - дейді телеграм арна.

Толығырақ осы жерде: https://t.me/dalainside/1487

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар