Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Назарбаев университетінде ондаған миллиард теңгенің жымқырылғанын мәлімдеп, бұл жағдайға Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының (ЖАП) басшысы Әлихан Смайыловты айыптады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Смайылов басқаратын Жоғары аудиторлық палата Назарбаев Университетінде 73 миллиард теңгенің жымқырылғаны туралы ақпаратты неге жасырып отыр?” – деп жазды депутат Facebook-тегі парақшасында.
Еске салайық, 2023 жылдың желтоқсанында Жоғары аудиторлық палата Назарбаев Университетінде 73 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалғанын анықтаған болатын. Сол кезде ведомство басшысы Әлихан Смайылов университеттің әлі де мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып отырғанын мәлімдеген еді.
Осыған қатысты Назарбаев Университеті сол күні түсініктеме беріп, қаржылай заңбұзушылықтар студенттердің жол шығындары мен стипендияларын өтеуге байланысты екенін айтты. Сонымен қатар университет барлық тәуекелді жойып, ақылы негізде білім алатын студенттер санын арттыруға уәде берді.