Әлихан Смайылов өз адамдарын АТБ Банкінің (Азия-Тынық мұхиты) директорлар кеңесіне енгізіп жіберген. Соның салдарынан Данияр Әкішев тағайындаған банктің басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков орнынан кетпек.
DALA INSIDE дереккөзі кадрлық ауыс-түйістің осы күзде орын алатынын растады. Қазір екі сценарийдің бірі жүріп жатыр.
Бірінші сценарий. Әлихан Смайыловтың АТБ Банкіне қол сала бастауы, банк қожайыны Нұрсұлтан Назарбаевтың Әкішевтің орнын Смайыловпен ауыстырғысы келетінін айғақтайды. Бұл дегеніміз Смайылов өзінің "Жаңа Қазақстандағы" мансабын тастап, "Ескі Қазақстанға" оралады деген сөз. Шын айтқанда, Смайыловты адам еткен Назарбаев еді. Онда Смайылов үш аптадан кейін Премьер-Министр қызметінен кетеді.
Екінші сценарий. "Жаңа Қазақстан" Жусан банкті реттегеннен кейін Назарбаевтың Ресейдегі банкіне ауыз салды. Демек, АТБ Банкі Назарбаевтың қаржыгері Данияр Әкішевтен Тоқаевтың қаржыгері Әлихан Смайыловқа өтіп жатыр.
Бұл жағдайда да, "қазақтың Әлиханына" премьерліктен кетуге тура келетін сияқты. Тіпті Әлиханды премьерліктен алып тастау үшін оған осындай "тәтті ұсыныс" айтылуы мүмкін.
Кезінде банкрот болған АТБ Банкті Ресей орталық банкі аукционда сатқан болатын. Сонда Данияр Әкішев басқарып отырған, Назарбаев иелік ететін "Pioneer Capital Invest" әлгі банкті 193 миллион долларға сатып алған. 2022 жылы банкті басқаруға келген қазақ қаржыгері Қайрат Алтынбеков АТБ-ны плюске шығарып, 325 миллион рубль таза пайда көрсеткен. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша банк өзін сатып алуға жұмсалған қаржының кем дегенде 35 пайызын ақтап алмақ.
АТБ Банк күлшелі активке айналғаны сол еді, оған деген тартыс күшейе түсті. Қазақ лоббистері Ресейде өзара қырқысып жатса да таң қалуға болмайды.