Назарбаев Ресейдің үздік банкиріне айналуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 09 мау. 2025 16:31

Ресейдегі Азия-Тынық мұхит банкі (АТБ), Нұрсұлтан Назарбаевтың иелігіндегі қаржы ұйымы, жыл сайын табысын еселей түсуде. 2025 жылдың бірінші тоқсанында банк 3,8 миллиард рубль таза пайда тапқан. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп, деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.kz-ке сілтеп. 

14 миллиардтың орны ақталып, үстінен тағы пайда түсті

2024 жылы Назарбаев АТБ банкін аукционнан сатып алуға жұмсаған барлық қаражатын қайтарып алған еді. Ол кезде банк 14 миллиард рубль кіріс әкеліп, тіпті 8 миллиард рубльге жуық таза пайда да түсірген. Nege.kz-тің болжамынша, 2025 жылдың соңына дейін банктің жылдық табысы 30 миллиард рубльге, яғни шамамен 186 миллиард теңгеге жетуі мүмкін.

Форбс неге Назарбаевты айналып өтуде?

Бүгінде АТБ банкінде үлестірілмеген кіріс көлемі - 237 миллиард рубль (167 млрд теңге), ал таза капиталы - 40 миллиард рубль (248 млрд теңге). Бұл дегеніміз, тек осы банктегі қаржысының өзі 415 миллиард теңгеге тең. Егер бұл кәсіпкерлік табыс ретінде есептелсе, Назарбаев шамамен 800 миллион долларлық байлықпен Forbes Kazakhstan рейтингінде 14-орынға тұрақтар еді. Бұл жағдайда ол Александр Клебановтан кейін орналасып, Эдуард Огайды бір сатыға төмен түсірер еді.

Акционерлік транзит: Назарбаев орнына кім келеді?

Жуырда өткен Путинмен кездесуде Назарбаев АТБ банкіндегі өз үлесіне қатысты негізгі мәселелерді, соның ішінде акционерлік транзитті талқылаған. Болашақта ол банктің негізгі иесі ретіндегі мәртебесін туыстарының біріне, нақтырақ айтқанда, Тауман Нұрсұлтанұлына беруі мүмкін.

Алайда бұл транзитті қауіпсіз іске асыру үшін Назарбаевқа Ресейдің банк жүйесіне қатысты Батыс санкциялары толық алынып тасталуы қажет.

Jusan-нан кейін сенім қалмаған

Jusan банкі айналасындағы даудан кейін Назарбаев өз маңындағы қаржыгерлерге деген сенімін жоғалтқан. Енді ол Владимир Путиннің кепілдігіне иек артуы ықтимал.

Бірақ бір сұрақ жауапсыз қалып отыр: Назарбаев бұл қолдау үшін Путинге не уәде етті? Бұл мәселе әзірге жұмбақ күйінде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар