Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта Amanat партиясының мүшесі емес және саяси процестерге араласпайды. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол «Азаттыққа» берген пікірінде экс-президенттің партия төңірегіндегі өзгерістерге қатысы бар деген әңгімелерге жауап берді.
Айдос Үкібайдың айтуынша, Назарбаев президенттік өкілеттігін 2019 жылы аяқтап, қазір зейнеткерлік өмір сүріп жатыр.
– Нұрсұлтан Әбішұлының бұл партияға қандай қатысы бар? Ол 2019 жылы Қазақстан президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтатты, – деді баспасөз хатшысы.
Еске салайық, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды шамамен 30 жыл басқарды және «Нұр Отан» партиясының негізін қалаған. Кейін бұл партия Amanat атауына өзгертілді.
2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және партия жетекшісі қызметтерінен де кеткен болатын.
Айта кетейік, бұған дейін бірқатар БАҚ-та Amanat партиясының «Әділет» партиясымен ықтимал бірігу мәселесін талқылап жатқаны туралы ақпарат тараған еді.