Назарбаев билігі тұсында тұтас бір дәуір өтті десек болады. Ал оған бір жазбамен баға беру мүмкін емес. Иә, ұтқан, ұтылған кезеңдерімізде болды.
Қалай десек те, Назарбаев билік құрған тұста Қазақстанда либералды экономика қалыптасты. Соның арқасында елімізге жүздеген миллиард доллар инвестиция құйылды. Орталық Азияға құйылған инвестицияның басым бөлігі Қазақстанның еншісіне тиетінін бәріміз білеміз. Қазақстан экономикалық тұрғыдан Орталық Азияның локомативі деген атауға ие болды.
Назарбаев билігі кезінде экономикалық өрлеу орын алды. Оны кез келген адам мойындайтыны анық. Халықарлық көлік дәліздері салынып, сауда-экономикалық қатынастар жанданды.
Егер де Еуропа мен Азияны жалғап отырған алып ел Қазақстанның басшысы либералды-экономикалық саясат ұстанбағанда оның кесірі Қазақстанды былай қойып, тұтастай Орталық Азияға тиер еді. Мұны Назарбаев жақсы түсінді. Сол себепті ол экономика саласында ашық саясат жүргізді.
Осы ретте инвестициялық климат бір жылды, бір заңмен орнай салмайтынын түсінуіміз керек. Ашық инвестициялық климатты қалыптастыруда үлкен саяси ерік-жігер керек. Бұл қасиет Елбасының бойынан табылды. Соның арқасында еліміз инвестиция иіріміне айналды.
Алдағы уақытта Назарбаев салып кеткен сара жолды ары қарай дамытып, дамыған елдермен садуа-экономикалық байланысымызды нығайта беруіміз керек. Бұл ретте ғаламдық деңгейдегі дипломат, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың іс-тәжірибесі толық жетеді. Қазіргідей пандемия кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропа елдеріне сапар шегіп, арадағы байланысты нығайтуға күш салуы Назарбаев саясатының өміршеңдігін көрсетеді. Сол себепті ҚР Тұңғыш Президенті күні Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін бағалап, құттықтаймыз!