«Ел тәуелсіздігімен бірге биыл Қарулы Күштеріміздің 25 жылдық мерекесін атап өтіп отырмыз. Мен ширек ғасыр бұрын тәуелсіз еліміздің төл армиясын құру туралы дәл бүгінгі күні Жарлыққа қол қойған болатынмын. Содан бері аз ғана уақыт өтсе де Қарулы Күштеріміз бес қаруы сай заманауи үлгідегі айбынды армияға айналды. Сайып қыран сарбаздарымыз бүгінде ұлы даланың сенімді қорғаны, азаматтығымыздың алмас алдаспаны. Біз қазіргі заман талаптарына сай келетін, әлеуетті әскерімізді жасақтадық. Ел қауіпсіздігінің басты бағыттары айқындалды. Әскери доктринамыз қабылданды. Экономикамыз қарқынды дамыған сайын еліміздің Қарулы Күштері де жетіліп, нығая түсті. Әскери қауіпсіздігіміз «Қазақстан-2050» бағдарламаның басты бағыттарының бірі болып саналады. Жауынгеріміз әлемнің әртүрлі түкпірінде бітімгершілік миссияларды өзіне алып, абыроймен атқарып шықты. Біздің әскеріміз ТМД елдерінің ішінде алдыңғы қатарлы әскер ретінде танылды», - деді Елбасы.
ҚР Президенті жерінің тұтастығын ойлайтын еліміз бейбіт өмірде баянды бақытқа балағанын, тарихымыз өшпес ерліктің жылнамасы, жеңімпаздықтың шежіресі екендігін баса айтты. «Баһадүр бабалардың ізбасарлары қазір Тәуелсіз Қазақстан әскерінің сапында тұр. «Жауынгерлік тәрбие әскери киімнен емес, жөргектен басталады» деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқан болатын. Жерінің қауіпсіздігін, елінің тыныштығын қорғау әр азаматтың қасиетті парызы, абыройлы міндеті болып саналады. Сіздер еліміздің шекарасы берік, шебі бүтін болуы үшін қалтқысыз қызмет етіп келесіздер. Бүгінде қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да сенімді қорғалатынын көріп отырмыз. Қазақстан армиясының бүгінгі салтанатты шеруі осының айқын көрінісі болып табылады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.