"Назарбаев емес". Айдос Сарым Алтынбек Сәрсенбаевты кім атқызғанын айтты

Көркем Алдабергенова 27 нау. 2025 09:29 763

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Sadaq media» арнасына берген сұхбатында Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне қатысты деректер айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, Алтынбектің қазасын Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырудың қажеті жоқ. 

«Кезінде Рысбек Сәрсенбаев ағамыз эмоциямен біраз дүниені айтып жіберді. Әлі де айтып жүр. Бірақ оған дәлел жоқ қой. Ол жерде Назарбаевтың құлағы көрінуі мүмкін. Бірақ әділет деген болуы тиіс қой, жобалап, ымдап болса да дәлелдей алған адам жоқ. Мен өз басым Алтынбектің өлімін Рахат Әлиевке жақындатам. Алтынбекпен жылдап араласқан, әлі күнге дейін сол ортада жүрген біраз азаматпен араласам. Бірақ олардың ешқайсысы да тікелей Назарбаевтан көріп жатқан жоқ.

Бұл Рысбектің өзінің ұстанымы, өзінің жеке пікірі. Кезінде Алтынбектің жанында жүрген, қағазын жазып беріп жүрген Рысбек емес, мен болатынмын. Мен оны жақсы білемін», дейді Айдос Сарым.

Сондай-ақ ол Алтынбек Сәрсенбайұлының кезінде өте кекшіл болғанын айтады. Бірақ уақыт өте келе өзгерген.

«Алтынбек өте кекшіл адам болды. Көп адамды жек көрді. Солардың бірі – Серік Әбдрахманов еді. Екінші бір адам болды. Ол  -  Балташ Тұрсынбаев болатын. Бірақ уақыт өте келе өзгерді, саналы ғұмырында өзінің жек көретін адамдармен татуласып, солардың деңгейіне түсіп, сөйлескенін көрдім», - дейді депутат.

Еске салайық, 2006 жылы 11 ақпанда танымал саясаткер, оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісі – Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосынды ұрлап әкеткен. Екі күннен кейін, 13 ақпанда, олардың атылған денелері Алматы маңындағы таулардан табылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар