"Мисыз": Желіде мұғалім оқушыларды балағаттап, орынсыз қылық көрсеткен видео тарады

Сағыныш Сардарова 08 сәу. 2025 18:10 1082

Әлеуметтік желіде мұғалім оқушыларға жөнсіз қылық көрсетіп, балағат сөздер айтқаны түсірілген видео тарады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Stan.kz-ке сілтеп. 

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға Алматы облысы Шонжы ауылындағы мектептердің бірінде болған. Интернетте тараған видеода мұғалімнің оқушыны итеріп, ұялы телефонға түсіріп тұрғанын байқауға болады.

Сондай-ақ, мұғалім балаларды "ақымақ, мисыз" деп атайды. 

Ата-аналар облыстық білім басқармасынан жан-жақты тексеріс жүргізуді талап етті. 

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Желі қолданушылардың пікірі екіге бөлінді.

“Мұндай әрекет мұғалімге жараспайды”, “Балалармен жұмыс істеу кезінде этикалық нормаларды қатаң сақтау қажет”,  “Керісінше қазіргі заман балалары өзін-өзі ұстай алмайды. Тіпті мұғалімдерге оқушылармен жұмыс істеу қиынға соғып барады”, – деп жазды желі қолданушылары. 

Алматы облысы білім басқармасы мәліметінше, мұғалім 36 жыл бойы ұстаздық еткен.

"Ұйғыр аудандық білім бөлімі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Искандерова Эльмира №1 Шонжы мектеп-лицейінде жұмыс істейтінін мәлімдейді. Жалпы педагогикалық өтілі - 36 жыл. Модератор санатына ие. Желіде тараған видеоға қатысты қызметтік тексеріс жүргізілді. Видео үзіліс кезінде түсірілген. Онда мұғалім балаларды итеріп, қорлайды. Бұл оқиға бойынша тергеу жүргізілді. Мұғалімге педагогикалық әдепті бұзғаны үшін қатаң сөгіс жарияланды", – делінген хабарламада. 

Басқарманың хабарлауынша, видеода көрсетілген оқушыларға енді басқа мұғалім сабақ береді. 

"Видеодағы 7 "Е" сыныбының сағаттары басқа дене шынықтыру пәні мұғаліміне берілді. Мектеп әкімшілігі жағдайды бақылауда ұстайды. Аудандық білім бөлімі бұл деректі тексеру үшін арнайы комиссия құрды. Осы оқиғаға байланысты аудандық білім бөлімі бұл мәселені Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесте қарау үшін Алматы облысының білім басқармасына хабарласты", – делінген хабарламада. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар