Министрлік ТЖД басшысына қатысты қылмыстық қудалау фактісін растады

Көркем Алдабергенова 30 қыр. 2025 10:02

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысы ТЖД басшысына қатысты қылмыстық қудалау фактісін растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әлеуметтік желілерде Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бақытжан Алашовқа бұрын қылмыстық қудалау жүргізілгені туралы ақпарат тарады. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл фактіні растап, кейбір мән-жайды нақтылады.

«Бақытжан Алашов прокуратура органдарынан да, Қаржы мониторингі агенттігінен де өз еркімен жұмыстан кеткен», – деп хабарлады Қазтаг ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Алашовтың бұған дейін қылмыстық іс бойынша өтіп жатқаны рас, алайда Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалау алқасының қаулысымен іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

«ҚР ҚІЖК-нің 37-бабының талаптарына сәйкес, сотта ақталған адам, сондай-ақ осы Кодекстің 35-бабының 1-бөлігінің 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтарында көзделген негіздер бойынша қылмыстық қудалау органы немесе сот қаулысымен іс тоқтатылған күдікті, айыпталушы, сотталушы тұлға реабилитацияланады, яғни құқықтары қалпына келтіріледі және ҚР Конституциясымен кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарына қандай да бір шектеу қойылмайды», – делінген хабарламада.

Сонымен бірге, ТЖМ-де қызметтік құпия материалдардың жария етілу фактісі бойынша қызметтік тексеріс басталғаны мәлім болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар