Мәдениет және спорт министрлігі Астанадағы екі ірі спорт нысанын — «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз сарайын жөндеуге республикалық резервтен 20,9 млрд теңге бөлу туралы өтінішпен Үкіметке жүгінді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаражат 2026 жылға жоспарланғанымен, әр нысанға нақты қанша сома қажет екені көрсетілмеген.
Айта кетейік, «Астана Аренада» ауқымды жөндеу жұмыстары 2023 жылдың соңынан бастап 2025 жылдың басына дейін жүргізілген болатын. Ол кезде 15 млрд теңге бөлініп, УЕФА талаптарына сай газон, жылыту және суару жүйелері ауыстырылып, шатыр мен қасбет элементтері жаңартылған еді. Соған қарамастан, 2024 жылдың жазында стадион тек Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары үшін уақытша ашылды. Ал «Астана» мен «Челси» футбол командалары арасындағы матч Алматыға ауыстырылды.
«Алау» мұз сарайы да 2024 жылы жөндеуден өткен. Бұған дейін, 2021 жылы нысанның бір бөлігін жөндеуге 12,3 млн теңге жұмсалған болатын. Техникалық қорытындыға сәйкес, ғимараттың шатыры күрделі жөндеуді қажет етеді.
«Астана Арена», «Алау» және «Барыс Арена» спорттық кешендерін басқару құқығы Mtex Management компаниясына берілген. Ал бұл нысандар ресми түрде қалалық активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасының иелігінде. Mtex Management компаниясының тең иелерінің бірі — бұрынғы КВН ойыншысы Санат Шапашов.