Өнеркәсіпте жасанды интеллектіні қолдану тауар бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды өндіріс процесіне енгізу қазақстандық кәсіпорындарға өнімнің өзіндік құнын азайтып, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жол ашады.
Ерсайын Нағаспаев қазіргі технологиялар ресурстарды тиімді пайдалануға, өндірістік шығындарды төмендетуге және қол еңбегіне деген қажеттілікті азайтуға көмектесетінін атап өтті.
"Әлемдік тәжірибе бірқатар салада жасанды интеллект адамның қызметін ішінара алмастырып жатқанын көрсетсе де, Қазақстан үшін басты міндет — жаңа жұмыс орындарын құру және еңбек нарығын әртараптандыру болып қала береді", - дейді ол.
Министрдің сөзінше, өндірісті цифрландырудың тағы бір маңызды нәтижесі отандық өнім сапасының артуы және оның қолжетімді болуы. Өндірушілердің көбеюі бәсекелестікті арттырады, ал бәсеке тауар бағасын төмендетіп, сапасын жақсартады. Сондай-ақ ресурстарға, энергияға және жұмыс күшіне жұмсалатын шығын азайған сайын өнімнің өзіндік құны да төмендейді.
