Министр Әлназарова белсендіге сотқа дейінгі талап жіберді

Көркем Алдабергенова 26 қар. 2025 16:38

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желілерде көкжөтелге қарсы вакциналар таңдауына байланысты тараған даулы ақпаратқа түсініктеме берді. Министр бұл мәселеде қабылданатын шешімдер толық ғылыми негізге сүйенетінін және заңмен қатаң реттелетінін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Қазақстандағы вакцина таңдауы - ғылыми дәлелденген стандарт»

Әлназарова өз мәлімдемесінде:

«Қазақстанда Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданылатын вакциналар тізімін қалыптастыру - әрдайым жан-жақты таразыланатын, ғылыми негізделген және заңмен қатаң реттелетін шешім», - деп жазды.

Министрдің айтуынша, елімізде көкжөтелге қарсы жасушасыз вакцина 2013 жылдан бері қолданылып келеді. Бұл - «кездейсоқтық та, біреудің жеке таңдауы да емес», халықаралық деңгейде қауіпсіз әрі тиімді деп танылған стандарт.

«Жасушасыз вакциналар әлемнің 30-дан астам дамыған елінде - бүкіл Еуропада дерлік, Австрия, Дания, Германия, Италия және басқа мемлекеттерде, сондай-ақ АҚШ, Канада, Жапония, Оңтүстік Кореяда қолданылады», - деді министр.

Оның сөзінше, Қазақстанда осы вакциналармен 7 жасқа дейінгі балаларға 21 миллионнан астам егу жасалған, препаратқа байланысты бірде-бір ауыр реакция тіркелмеген.

Вакцина бағасына қатысты пікір - «жалған»

Министр әлеуметтік желілерде вакциналардың қымбатқа сатып алынады деген пікірге де тоқталды.

«Navlin халықаралық платформасының деректеріне сәйкес, дәл Қазақстанда референтті елдермен салыстырғанда вакциналардың ең төмен бағасы тіркелген», - деп жазды Әлназарова.

Ол атап өткендей, платформа Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Польша, Ресей, Словения, Түркия және Өзбекстан сияқты елдер бойынша баға салыстыруды жүргізеді.

«Әділдік жолына» талап жолданды

Министрлік әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратты деп есептеген «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұловқа сотқа дейінгі талап қойған.

«Бұл жарияланымды мен тек Министрліктің іскерлік беделіне нұқсан келтіру ғана емес, сонымен қатар елдің денсаулық сақтау жүйесіне және вакцинация идеологиясына деген азаматтардың сеніміне нұқсан келтіру деп қабылдаймын», - деп жазды министр.

Талапта ұйымнан таратылған ақпаратты ресми түрде теріске шығару сұралған. Белгіленген мерзімде ол орындалмаса, министрлік сотқа жүгінбек.

«Біздің басымдық - азаматтардың денсаулығы, ашық әрі адал жұмыс. Біз әрдайым дәлелді медицинаға және халықаралық стандарттарға сүйенеміз. Бұл мәселеде біз ешқандай манипуляцияға немесе фактілерді бұрмалауға жол бермейміз», - дейді министр. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар