Миллиардтаған тендерлер және аяқталмаған жобалар: “Павлодар өзен портына” қатысты жаңа дерек белгілі болды

Қаракөз Амантай 23 қыр. 2025 12:44

"Павлодар өзен порты" компаниясы миллиардтаған тендерлерді ұтып, жобаларды кешіктіріп, құнын бірнеше есе өсіргеніне қарамастан, әлі күнге дейін мемлекеттік органдардың қолдауына ие болып келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Orda.kz мәліметінше, 2020 жылы компания Қошқар-Ата қалдық қоймасын рекультивациялау жобасын 15,5 млрд теңгеге алған. Бес жыл өтсе де, жұмыс аяқталмай, жоба құны 50,9 млрд теңгеге дейін өскен. Бастапқыда 2024 жылға белгіленген мерзім 2026 жылдың соңына шегерілген.

Дәл осындай жағдай Атыраудағы кәріздік тазарту құрылғыларын қайта құру жобасында да қайталанды: 18,5 млрд теңгелік келісімшарт кейін 39,7 млрд теңгеге дейін қымбаттап, мерзім 2026 жылға ұзартылды.

Компания миллиардтаған тапсырысқа ие болса да, қаржылай тұрақтылық байқалмай тұр. Мәселен, 2022 жылы табысы 21,9 млрд теңге болса, қарызы 3,4 млрд теңгеге жеткен. 2023 жылы табысы 25,9 млрд, қарызы 5,4 млрд теңге болған. Ал 2024 жылы кредиторлық берешек 24,6 млрд теңгеге дейін көбейген. 

Сонымен қатар аффилиирленген компаниялар үшін 24,5 млрд теңгенің мүлкі кепілге қойылған.

Қаржылай қысымға қарамастан, басшылық сыйақыдан қағылмаған. 2022 жылы – 56,4 млн теңге, 2023 жылы – рекордтық 230,4 млн теңге, ал 2024 жылы – 88,7 млн теңге төленген.

Компанияның артында белгілі тұлғалар тұрғаны жасырын емес. Құрылтайшысы – Мәжіліс депутаты әрі Президенттің бұрынғы кеңесшісі Мейрам Пішембаев. Кейіннен басқаруды қызы Долорес Пішембаева мен Анетта Сағынбекке тиесілі "Сан" ЖШС алды. Долорестің өз атына тіркелген жеті компаниясы бар.

Айта кетейік, бұған дейін "Павлодар өзен порты" Алматыдағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауын қайта құру жобасын да қолға алған. 2024 жылдың қазанында басталған бұл жұмыс 5,7 шақырымдық аумақты қамтиды. Жоспар бойынша тіреуіш қабырғалар ауыстырылып, жаяу жүргіншілер көпірлері, балалар алаңдары, веложолдар мен демалыс аймақтары салынуы тиіс еді.

Жобаға шамамен 8 млрд теңге бөлінген.

Ерболат Досаев әкім болған тұста аталған компания Алматыда бірқатар ірі жобаны ұтып алған. Мысалы, бұған дейін 12 млрд теңгеге Сайранды жөндесе, 11 млрд теңгеге Үлкен Алматы каналын қайта құрумен айналысқан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар