Ұлттық тағамдарды дәріптеуші, танымал аспаз Мұхит Әлібеков экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа дайындап беріп, кездескен кезі туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аспаздың сөзінше, ең алғаш Назарбаевпен Райымбек батырдың 300-жылдығында кездескен.
«Сонда атақты, мықты адамдар қазақ үй тігіп, мені апарды. Мен барып ас дайындадым.
Назарбаев Серік Үмбетовпен келді. Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары сасқалақтап, у-шу болып, артынан қайтадан мені кіргізді. Алдында (Назарбаевтың) етті турап бердім. Ең бірінші бастағаным сол кез болды», - дейді Мұхит Әлібеков Ashyq Podcast Youtube-арнасына берген сұхбатында.
Аспаз бұл оқиғадан кейін де 6-7 рет Назарбаевқа ас әзірлеп берген екен.
«Мені мақтады. Ол кезде жанында тұрмақ түгілі, көзімен көрмек түгілі, алыстан қашып жүретіндер болған. Қолымды алып «Жарайсың, тамағың өте дәмді» деді. Ең соңғы рет Экспоның ашылуында, 2017 жылы Амандық Баталовтың өзі мені алып барды. Қазан-ошақ пен бәрін тиеп апарып, 5 күн бойы тамақ жасадық. Қаншама дипломат, қаншама мықтылар болды. Ол кезде Сағынтаев Үкімет басшысы. Бәрі тамақтанып кетті. Баталовтың өзі менің қолымды алып, марапатын айтты. Сол кезде президент аппаратындағылар да «аға, қалыңыз, барлық жағдай жасалады» дегенде бір ауыз жауап берген жоқпын.
Назарбаевтың жеке аспазы болу ұсынысы жасалды. Бас тарттым, себебі мен даланың, халықтың адамымын. Мен ешкімге бағынышты емеспін. Өз алдыма жоспар қойып, жұмыс істейтін адаммын», - дейді аспаз.