Мұхамедиұлының әйелі Президентке үндеу жолдады

Сағыныш Сардарова 02 мам. 2025 10:35 1857

Сотталған экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының жұбайы Ғалия Ысқақова Президентке үндеу жолдады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұрынғы шенеуніктің әйелі видеода бірнеше адамның есімін атап, Президенттен заңсыздықты тоқтатуды сұраған. Негізгі мәселе "Дипломат" қонақүйіне қатысты болып отыр.

Ысқақованың сөзінше, кәсіпкер Серік Қарымсақов "Дипломат" қонақүйін сатудан түскен табысты қайтармаған, ол бұл қаржының бір бөлігін қарызын жабуға, енді бір бөлігін мемлекеттік мүлік сатып алуға жұмсаған.

"Серік Қарымсақов 2019-2022 жылдар аралығында "Дипломат" қонақүйін екі қайтара сатып, ісіне салғырт қарайтын судьялар арқылы қонақүйді қайтарып алған, бірақ түскен миллиардтаған теңгені қайтармады. Бұл қонақүйді Қарымсақов алғаш рет 2019 жылы 24 мамырда 2,5 млрд теңгеге сатқан. Алайда ол ақшаны жұмсап тастаған соң сотқа қонақүйді сатпағанын айтып шағымданған. Судья арызын қанағаттандырып, сатып алушы Қарымсақовқа 500 млн теңге қарыз болған", - деді Ысқақова.

Ғалия Ысқақова Қарымсақов мұнымен тоқтамағанын айтады. Ол құрамына "Дипломат" қонақүйі кіретін компаниясының 71 пайыз үлесін Ысқақованың анасына сатқан көрінеді. Оның сөзінше, алайда кейін мұны да мойындамай қойған. 

"2020 жылы 2 маусымда "Ақтерек LTD" компаниясының 71 пайызын үлесін 2,7 млрд теңгеге анама сатқан. Ал 2022 жылы Қарымсақов тағы сотқа жүгініп, "Ақтерек LTD" ЖШС-нің 71 пайызын сатпағанын алға тартқан. Ал компанияның балансында "Дипломат" қонақүйі де болған. Астана қаласының судьясы оның арызын тағы қанағаттандырып, "Ақтерек LTD" ЖШС-нің 71 пайыз үлесі мен "Дипломат" қонақүйін қайтарып берген. Бірақ Қарымсақов отбасымызға 2,7 млрд теңгені қайтарған жоқ. Ол менің күйеуіме қатысты жүргізіліп жатқан соталды тергеуді пайдаланып, өзін жәбірленуші етіп көрсетті", - деді ол.

Ысқақова Қарымсақов бұл жолы түскен ақшаны да қарызын, сот шығындарын жабуға, пәтер сатып алуға жұмсағанын жеткізді. Ол кейін ақшаны қайтаруды сұрап кәсіпкерге жазбаша хат жолдағанын да айтты.

Экс-министрдің жұбайы Ғалия Ысқақова бұл іске қатысы бар адамдар лайықты жазасын алса екен дейді. Өйткені, оның айтуынша, құзырлы органдарға, сотқа түсірген арыздары тиісті деңгейде қаралмаған.

Бұл жолы ол Президенттен Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Қаржылық мониторинг агенттіктеріне, Ішкі істер министрлігіне бұл деректерді жан-жақты тексеруді және аталған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды тапсыруды сұрап отыр. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы - бұрынғы мәдениет және спорт министрі, сондай-ақ, Ұлттық музейдің басшысы. 2024 жылы 29 ақпанда ол бірнеше қылмыстық бап бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айыптар арасында "Алтын адамның шеруі" көрмесінде ақша жымқыру, лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану, "Дипломат" қонақүйіне қатысты рейдерлік әрекеттер және пара беру әрекеті бар.

2024 жылы тамызда оның үкімі қайта қаралды, бірақ сот бұрынғы шешімді өзгеріссіз қалдырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар