МҰСЫЛМАН  және УАҚЫТ

Dalanews 17 қыр. 2015 08:50 262

 

Уәдеңе берік бол, сенімді бола алмасаң уәде берме. «Уәде – қарыз сияқты» екенін ұмытпа. Уәдесінде тұрмаған адам, қарыз өтей алмаған адамға ұқсайды.  Бұл екіжүзділіктің нышаны. Мұнафық (екі жүзді) сенім артудан қалған адам емес пе?

Кездесулерге мән бер. Кездесуге белгіленген уақытта бар. Кеш қалма. Кездесу мен арнайы жиындарға кешігу қазіргі уақыттың айықпас дертіне айналған. Егер уәдесінде тұрған адам зиянға ұшырайтын болса, ол іске зұлымдық араласқандығын білдіреді. Осы дерттің адамдар арасында жаман әдетке айналуы жалғанның тереңге тамыр жайғанын көрсетеді.

Уақыт өмір. Уақытты босқа өткізу, өзіңе жасаған қиянатың. Өз уақытыңды босқа өткізуге ақың жоқ болса, өзгелердің уақытын алуға да ешқандай ақың жоқ. Уақыт – құлшылықтың өзегі болып саналатын намаздың шарттарының бірі. Әр намаздың уақыты Алла Тағаламен кездесуге белгіленген уақыт. Алла Тағала намаз арқылы уақыттың қадірін білуді үйретеді. Уақыттың қадірі дегеніміз, уақыттың мәні мен маңызын білу, ысырап етпеу, тиімді қолдану деген сөз. Уақыт – адамға берілген ең бағалы ризық. Әрбір ризық сияқты уақыттың да есебі сұралады.

Қол сағатын қолдан. Сағатты сәндік үшін емес, саған өмір сүріп жүргеніңді, өлімге адымдап бара жатқаныңды, әрбір секундта есігіңді қағатын уақыттың хабаршысы ретінде қолдан. Күнделікті жоспарыңды орындағанда әрбір минутқа көңіл бөл. Шын мәнінде күн мен түннің ауысып келуінің, айлар мен жылдардың адам баласына беретін ғибратын терең түсін. Әрбір атқан күн мен жаңа туған ай, адамға өліп қайта тірілетінін қайта хабар береді. Жаз бен қыс, көктем мен күз, өткен әрбір жыл адамға өмірдің де мезгілі бар екенін білдіреді. Бұлардың барлығы табиғатқа жазылған  уақыттың белгілері.

Уақыт жайында Құранда көптеген аяттар бар: «Уақытқа серт» («Аср» сүресі, 1-аят), «Түнге серт...» («Ләйл» сүресі, 1-аят), «Күндізге серт...» («Ләйл» сүресі, 2-аят), «Құлшылыққа серт» («Дұха» сүресі, 1-аят), «Таңға (фәжір) серт»(«Фәжір» сүресі, 1-аят), «...Таң шапағына серт» («Иншиқақ» сүресі, 1-аят), «Таңға серт...» («Тәкуир» сүресі, 18-аят). Осы аяттар ең үлкен нығметтердің бірі уақытқа назар аудартады. Алла Тағаланың осыншалықты мән беріп айтқан нәрсесіне немқұрайлы қарау нағыз ғапылдықтың белгісі.

Өзіне тапсырылған міндетті «уақыт болмады» деп сылтау айтып орындамайтындар, ең алдымен уақытты ысырап етпеуге мән берсін. Егер уақытты да ысырап етер болсаң, береке кетеді. Уақыттан береке кетсе, бір сағаттық жұмысты бір күн істеп, өзіңді еңбекқорлардың қатарына қосасың. Шын мәнінде, зиянға ұшырағандардың арасындасың. Бірақ сен оның парқында емессің. Уақыттың берекесі осылай кетеді. Әрбір нығмет «шүкір еткен жағдайда арта түсетінін» жақсы білгейсің. Сенің әр істеген әрекетіңе қарай, Алла Тағала уақытыңа кеңшілік пен таршылық береді.

Уақыттың қадірін білетіндер адамдардың қамшының сабындай қысқа өміріне қыруар істі сиғызғанына таң қалмасқа шараң қалмайды.

Қазіргінің адамдары барлығын кешкіге қалдырады. Адамдарды түннің жарымында жатқызып, сәске уақытында тұрғызады. Ислам мәдениеті барлығын таңертең ерте істеуі үшін, ерте тұрғызады.

Мұсылман күн шықпай тұрады. Мұсылман күн шыққаннан кейін тұратын болса, ол күнді өлді деп есептейді. Бұл өлім, уақыттың берекетінен құр алақан қалдыруды білдіреді. Түннің қойнына қабірге кіргендей кір. Түні тамаша болғанның күні де тамаша өтеді. Күндіз бен түн, дүние мен ақыреттің 24 сағаттың ішіндегі көрінісі.

ҚМДБ Ғаламтормен жұмыс бөлімі


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар