Түркістан облысында бұрынғы мектеп директоры қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, мұғалімдерге заңсыз біліктілік санатын бергені және пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс материалдарына сәйкес директор міндетті тест пен аттестаттаудан өтпеген 12 мұғалімге заңсыз түрде біліктілік санатын рәсімдеген. Соның салдарынан оларға бюджеттен 16 миллион теңгеден аса жалақы негізсіз төленген. Сондай-ақ, оның мұғалімдердің бірінен пара алғаны анықталған.
Алғашқы сот талқылауында айыпталушының кінәсі дәлелденбеді деген негізбен ақтау үкімі шығарылған. Алайда Бас прокуратураның кассациялық наразылығынан кейін бұл үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілген.
Апелляциялық сот істі қайта қарап, бұрынғы директорды қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және пара алу баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сот оған мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.