Монополияға қарсы қызмет Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты тергеп-тексеруді бастады

Кәмшат Тілеухан 29 қаң. 2025 11:02 497

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) қатысты тергеп-тексеруді бастады. Оған мұнай өңдеудің тауар нарығында тауарды өндіру (өткізу) көлемінің және бағасының динамикасына жүргізілген талдау себеп негіз, деп жазады Dalanews.kz.

"Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша департамент 2021 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде орташа бағаны 31%-ға ұлғайта отырып, мұнай өңдеуге монополиялық жоғары бағаларды белгілеуде және қолдауда көрсетілген үстеме жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтады", делінген 2025 жылғы 29 қаңтардағы БҚДА хабарламасында.

Монополиялық жоғары бағаны белгілеу фактісі Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын ықтимал бұзушылықтарды тергеп-тексеру процесінде айқындалатыны да нақтыланады. 

Айта кетсек,өткен жылы әлеуметтік желіде АМӨЗ-дегі жағдайға қатысты шағымдар жарияланған болатын. Мұнда зауыт басшысы қызметін атқарған Ғалымжан Жусанбаев әртүрлі заңбұзушылық жасады деп айыпталған. “ҚазМұнайГаз” бұл мәселені зерттеу үшін зауытқа арнайы комиссия жіберуге уәде берген. Нәтижесінде, Жусанбаев пен зауыттың бас инженері Әділет Шошанбасов өз лауазымдарынан босатылған.

2024 жылы 27 ақпанда Қаржылық мониторинг агенттігі АМӨЗ басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Кейінірек Жусанбаев кәсіпорында саботаж болғанын айтып, өзі туралы арыздағы мәліметтерді жоққа шығарды. Сөйтіп 2024 жылдың маусымында Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-директоры сот шешімімен жұмысына қайта оралған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар