Молдова билігі ТМД-дан шығу процесін бастады

Сағыныш Сардарова 20 қаң. 2026 09:16

Молдова билігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан (ТМД) шығу рәсімін ресми түрде бастап кетті. Кишинев елдің ТМД-ға мүшелігінің негізін құрайтын үш негізгі келісімді денонсациялау процесін қолға алған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жөнінде Молдованың сыртқы істер министрі Михай Попшой Radio Moldova радиосының эфирінде мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл келісімдердің күші жойылғаннан кейін Молдова заңды әрі ресми тұрғыда ТМД құрамынан шығады. Министрдің сөзінше, елдің достастықтағы мүшелігі біраз уақыт бұрын-ақ тоқтатылған.

Денонсацияланатын құжаттар қатарында 1993 жылғы 22 қаңтарда Минскіде қабылданған ТМД жарғысы, 1991 жылғы 8 желтоқсанда қол қойылған ТМД-ны құру туралы келісім және сол келісімге 1991 жылғы 22 желтоқсанда бекітілген қосымша бар.

Михай Попшой процесс қазірдің өзінде жүріп жатқанын айтып, Парламент депутаттары бұл құжаттарды жаңа сессияның басында қарастыратынын жеткізді. Оның болжамынша, Үкіметтегі рәсімдер ақпанның ортасына қарай аяқталып, соңғы шешім Парламентте қабылданады.

Сыртқы істер министрі бұл қадамды Молдованың еуропалық бағыттағы саясатын нығайтудың маңызды кезеңі деп атады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove