Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейін ағза мүшелерін трансплантацияға пайдалануға келісім берді. Министр бұл шешімін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар адамдарға көмектесудің бір жолы.
«Бұл туралы ашық айтуды маңызды деп санаймын. Денсаулық сақтау министрі болғаным үшін емес, әрқайсымыздың бір күні өзіміз немесе жақын адамымыз үшін осындай шешім қабылдау қажеттілігіне тап болуымыз мүмкін болғандықтан», - деді министр.
Ведомство басшысы, бүгінде донор болуға келісім берушілердің саны артып келе жатқанын жеткізді. Сөзінше, елімізде шамамен 184 мың адам шешімін eGov арқылы тіркеп қойған.
Қазір елімізде 4 мың 867 адам трансплантация күтуде. Олардың ішінде 4 мың 311 адамға — бүйрек, 212 адамға — жүрек, 314 адамға — бауыр, 30 адамға — өкпе трансплантациясы қажет.