Міндетті мектеп формасына қарсы петиция нәтижесі белгілі болды

Қаракөз Амантай 19 там. 2025 15:08

Міндетті мектеп формасына қарсы петиция бір аптаның ішінде 143 мыңнан астам қол жинап, оған қарсы шыққандар саны небәрі 6 мыңның төңірегінде болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Петиция авторларының есебінше, бірінші сынып оқушысына ең қарапайым оқу формасын дайындау үшін кемі 80–100 мың теңге қажет. Бұл орташа жалақының үштен бірі. Ал табысы төмен немесе көпбалалы отбасылар үшін бұл қолжетпес сома, сондықтан олар кейде несие алуға, кейде ең қажет дүниеден үнемдеуге мәжбүр.

Бұл мәселеге қоғам қайраткерлері де назар аударды.

"Менің сегіз балам бар, оның бесеуі мектепке барады. Балаларды өзім киіндіремін. Тұрақты табысым болмаса да, қатарларынан қалдырмауға тырысамын. Мемлекет көмектеседі, бірақ әр сатып алған затқа түбіртек сұрайды. Ал базарда оны кім береді? Бутикте бір баланы киіндірудің өзі 150–200 мың теңге тұрады. Балаларды мектепке дайындау — мен үшін үлкен сынақ. Баға шарықтап кетті, бәрі қымбат", – деді актер Ержан Жаманкұлов NEGE тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, бұған дейін ата-аналар мектеп формасын алып тастау туралы петицияға қол жинаған еді. Бұл туралы "КТК"телеарнасы мәлімдеді.

Екі баланың анасы Әлия Тұяқбаева мектеп формасы қымбаттағанына қапалы. Оның сөзінше, балалары оқитын мектептің әкімшілігі ата-аналарға форманы тек белгілі бір дүкеннен алуды міндеттеген. Бағасы да қалтаға айтарлықтай салмақ салады. Биыл ұлы мен қызын толық киіндіруге 130 мың теңгеден аса қаражат жұмсаған.

"Аяқ киім мен жейдені қоспағанда, екі балаға формаға 130 мың теңге жұмсадым. Ұл балаға жилет, шалбар, костюм, қыз балаға белдемше, сарафан және шалбар алдық. Мектеп басшылығы бәрін белгілі бір дүкеннен сатып алуды міндеттеді. Оқу жылының соңында жиналыс өткізіп, алдын ала дайындалу керек екенін айтты және кіреберістегі тақтаға келесі жылғы форма үлгісін іліп қойды. Менің ойымша, еркін стильдегі форма қажет емес, тек түсін белгілеу жеткілікті", - дейді ол.

Телеарна мәліметінше, Алматы дүкендерінде қыздарға арналған жейде мен ұлдарға арналған жейденің бағасы 5 мың теңгеден басталады. Ал толық жиынтық - костюм мен жейде немесе белдемше мен жейде ата-аналарға орта есеппен 35 мың теңгеге шығады екен.

Сатушылардың айтуынша, жыл сайын мектеп формасының құны шамамен 10-15 пайызға қымбаттайды. Кейбір ата-аналар мектеп формасы қымбат болғандықтан, оны міндетті етпеу керек деп санайды. Әрі баланың үлгерімі оның үстіндегі киіміне байланысты емес екеніне сенімді. Сондықтан олар қол жинап жатыр. Әзірге петиция 156 ғана қол жинапты.

Қазір бірқатар жекеменшік мектеп өздерінің арнайы формасын енгізсе, мемлекеттік білім ордаларында ғана бірыңғай үлгі сақталып отыр. Алайда саудагерлердің айтуынша, бұл жағдай сатылымға айтарлықтай әсер еткен жоқ. Өйткені форма міндетті болғандықтан, ата-аналар бәрібір сатып алуға мәжбүр.

Жауапты министрлік те әрбір оқушы міндетті мектеп формасын киюге тиіс деп санайды. Олардың пікірінше, біркелкі киім үлгісі оқу орнында тәртіп пен іскерлік атмосфераны қалыптастырып, балалардың назарын білім алуға аударады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар