"Мылтық атылған соң абдырап қалдық": Шерзат ісі бойынша Тоқтаубаев сотта жауап берді

Қаракөз Амантай 15 мам. 2025 17:26 471

Шерзат ісі бойынша кінәлі деп танылған Нұрбол Тоқтаубаев сотта жауап берді. Қорғаушы оның дүкен алдындағы әрекеттері мен оқ атылған сәттегі жағдайға қатысты бірнеше сұрақ қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

— Қамажай дүкенінің алдындағы жағдайды айтып беріңізші, – деді қорғаушы.
— Мен Қаржаубайды сабырға шақырумен болдым. Төбелес ашу ойымда болған жоқ, – деді ол.

— Екі қыз болды. Олар есікті бұғаттап, Қаржаубайды шығармай жатқанын көрдіңіз бе?
— Жоқ, ондайды көрмедім. Ол екі қыз дүкенге кіріп кетті. Қыздардың дүкенге кіргенін ғана білемін, – деді ол.

— Мылтықты нақты кім әкелгенін көрдіңіз бе?
— Иә, көрдім. Оны Нұрғанат әкелген болатын.

— Мылтықты қай жерден шығарды?
— Дүкеннің жанында қара ағаш тұр. Соның жанында атты. 

— Мылтықты көліктен алып шықты ма?
— Қараңғылау жерден шықты. Қас-қағым сәтте болды. Айғайлаған кезде ғана көрдім. Сөйтіп мылтықты аспанға, кейін бізге атты.

— Оқ атылған кезде сіздерге бір нәрсе айтты ма?
— Иә, айғайлады. Анайы сөздер айтты.

— Оқ атылған кезде кімнің қай жерде тұрғанын айта аласыз ба?
— Мен сол кезде туған ініме қарадым. Ол қорыққан күйде мерседес автокөлігінің артына тығылып, ешқандай дене жарақатын алмадым ба деп аяғына қарап тұрды. Ал Думан Ысқаққа "Көлікте отыр!" деп бұйырдым. Ол көліктен шықпады. Ал қалғандарының іс-әрекетін көрмедім.

— Нұрғанат пен Шерзаттың құлап жатқан жеріне өзіңіз бардыңыз ба?
— Иә, мен өзім бардым. Нұрғанаттың аяғынан бір-екі рет тепкенімді мойындаймын. Артынан Дархан алып кетті. Өзім де қайтайын деп тұрғанмын.

— Ал видеода өзіңізді таныдыңыз ба?
— Иә, мен бейнежазбадағы өз әрекеттерімді құптаймын. Өтірік айтып, ештеңе қоспаймын.

— Видеода көрініп тұр ғой. Сол кездегі сіздің іс-әрекетіңіз қандай болды?
— Мылтық атылғаннан кейін абдырап қалдық. Төбелеске кіруге мәжбүр болдым. Балалар барып жатқаннан кейін мен де бардым. Сөйтіп, Нұрғанатты бір-екі рет тептім.

— Сіз тепкен кезде Нұрғанат қандай хәлде болды?
— Отырған.

— Ал оның жанында қандай адамдар болды? Атап айта аласыз ба?
— Жоқ, есімде жоқ.

— Ал Шерзатты ұрып жатқанын көрдіңіз бе?
— Мен Шерзатты ұрып жатқан жерге бармадым. Арасы 4–5 метрдей болды. Мен Нұрғанаттың аяқ жағына қарай бардым. Ар жағына барған жоқпын.

— Ал бүгінгі видеодан өзіңізді көрдіңіз бе?
— Өзімді көрдім. Нұрғанат бер жағында жатты, Шерзат ар жағында жатты. Нұрғанаттың аяқ жағына дейін ғана бардым. Ал егер ары қарай 4–5 метр жүретін болсам, Шерзат жаққа өтіп кететін едім. Ал мен ол жаққа бармадым.

— Ал енді жәбірленуші ретінде танылған Бишембиеваның жауабын естідіңіз. "Менің бір қолымды сіз ұстап тұрды", – деді. Ондай жағдай болды ма?
— Мен ол кезде... ол әйел адамды... Мылтық атылғаннан кейін абдырап қалдық қой. Сол кезде әйел адамның дауысы шығып жатты. Мен сол жерде төбелес болып жатқан соң, кімнің әкесі, кімнің шешесі екенін білмедім. Және Шерзаттың 16 жаста екенін де білген жоқпын. Жалған айғақ. Мен Бишембиеваның қолынан ұстамадым. Түрін де көрген жоқпын.

— Оқиғада негізі қанша адам болды?
— Мен әйел адамның дауысын ғана естідім.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар