Мемлекеттік бағдарлама арқылы 1,9 млрд жымқырған қылмыстық топ ұсталды

Көркем Алдабергенова 21 қаң. 2025 11:07 646

Түркістан облысында 1,9 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырған ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қылмыстық топ «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ірі қара мал сатып алуға бағытталған субсидиялауға бөлінген жеңілдетілген кредиттер алудың алаяқтық схемасын пайдаланған.

Ол үшін Кентау қаласында "Яссы-кредит НС " Кредиттік серіктестігі" ЖШС құрылып, іс жүзінде жоқ "Expert Consulting Group" ЖШС атынан жалған құжаттар мен мүлікті бағалаулардың жалғанактілерін пайдаланған.

Мемлекеттік несие алу өтінімдерін қарау жөніндегі комиссияның төрағасы болып қызмет атқарған ұйымдастырушы қылмыстық схеманы әзірлеп, қатысушылардың әрекеттерін үйлестірген.

Ол әлеуетті қатысушыларды іздеп, олардың рөлдерін бөліп, жалған несиелер рәсімдеу процесін бақылаған. Сондай-ақ, құжаттарды рәсімдеу үшін жеке тұлғаларды іздеуге нұсқау беріп отырған  және бұрмаланған салыстыру актілерін жасауға қатысып, ай сайынғы төлемдерге бақылау жасаған, ал жымқырылған қаражат топ мүшелері арасында бөлініп отырған.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында 27 адам күдікті деп танылды.

Сонымен қатар, жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден астам күдіктілердің мүлкіне тыйым салынған.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес басқа мәліметтер жариялануға жатпайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар