Алматыда Қазақстан-Қытай инвестициялық форумы өтеді

Алматыда Қазақстан-Қытай инвестициялық форумы өтеді
Фото: ЖИ

Алматыда Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған ауқымды инвестициялық форум өтеді. Жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, 600-ден астам делегат және Қытайдың 200-ден аса ірі компаниясының өкілі қатысады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Форум алаңында Қытайдың жетекші корпорациялары, қазақстандық кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен даму институттарының басшылары бас қосады. Тараптар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өндірісті жергіліктендіру және өзара сауданы ұлғайту мүмкіндіктерін талқылайды.

Іскерлік кездесу екі ел арасындағы экономикалық байланыстың қарқынды дамып жатқан кезеңінде өткелі отыр. Былтыр Қазақстан мен Қытайдың тауар айналымы 48,7 миллиард долларға жетті. Ал Қытайдан тартылған тікелей инвестиция көлемі 2,8 миллиард доллар болып, рекордтық көрсеткіш тіркелді.

Форум аясында тараптар 45-ке жуық коммерциялық құжат алмасуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге инвестициялық жобалар көрмесі ұйымдастырылып, кәсіпкерлер арасында B2B Matchmaking форматындағы тікелей келіссөздер өтеді.

Талқыланатын негізгі бастамалардың қатарында OMODA, JAECOO және Li Auto маркалы автомобильдер өндірісін Қазақстанда жолға қою бар. Бұдан бөлек, Құрық портын дамыту, «Қорғас» шекара маңында «ақылды» логистикалық парк құру және Xinfa көмір-химия кешенін іске қосу жобалары ұсынылады.

Ауқымды бастамалардың бірі – Қытайдың UBTECH компаниясының Қазақстанда гуманоид роботтар шығаратын зауыт салуы. Бұл кәсіпорын компанияның Қытай аумағынан тыс жерде ашылатын алғашқы өндіріс орны болмақ.

Сондай-ақ BeOne және INKAR компаниялары онкологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмек өндірісін Қазақстанда жергіліктендіруді көздеп отыр. Жобалар жүзеге асса, отандық фармацевтика өндірісін дамытуға, технология трансферіне және жоғары технологиялар саласына жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік береді.