Мемлекет қазынасына алақан жайған өңірлер көбейіп барады — Жұманғарин

Қаракөз Амантай 02 мау. 2025 12:25

Мемлекеттік бюджетке тәуелді өңірлер саны артып барады. Қазір еліміздегі 20 өңірдің 17-сі республикалық бюджеттен бөлінетін трансфертке күн көреді. Басқаша айтқанда, аймақтар өз шығындарының жартысына жуығын орталық қазына есебінен жабуда. Тіпті өздерін “донор” санайтын Алматы, Астана және Атыраудың өзі іс жүзінде орталықтан қосымша қаржы алуға мәжбүр, деп хабарлайды Dalanews.kz Курсив медиаға сілтеп.

Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариннің түсіндіруінше, бұған мегаполистердегі үлкен инфрақұрылым жобалары себеп. Метро салу, LRT құрылысы, "Жайлы мектеп" бағдарламасы сияқты қымбат жобалардың бәрі республикалық бюджеттен қаржыландырылып отыр.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек болса, жыл сайын аймақтардың орталық бюджетке тәуелділігі артып, бұл қауіпті үрдіске айналғанын айтты. Әсіресе Жетісу мен Түркістан облыстары өз шығындарының 70 пайыздан астамын республикалық бюджеттен алуда. Маңғыстау облысы да "донорлық" мәртебесін жоғалтып, дотацияға көшкен. Депутат мұндай жағдайға жеткізген аймақ басшыларының жауапкершілігі қайда деп сұрақ қойды.

Серік Жұманғарин жаңа "Бюджет кодексі" арқылы бұл мәселенің шешілетінін жеткізді. 2026 жылдан бастап аймақтардың кірістерін арттыруға бағытталған ережелер күшіне енеді. Жергілікті бюджетке жыл сайын қосымша 100 млрд теңгеден астам жаңа кіріс көздері табысталмақ.

Сонымен қатар аудан бюджеттеріне корпоративтік және жеке табыс салығы толықтай беріліп, аймақтардың өз-өзін қаржыландыру қабілеті артпақ. "Арнайы түсімдер" санаты енгізіліп, тұрақты кірістердің 40 пайызы жергілікті бюджеттердің иелігіне өтеді.

Өңірлердің нақты қажеттіліктеріне сай қаржы бөлетін "Өңірді дамыту жоспары" қабылданады. Жоспар әр аймақтың даму ерекшеліктерін ескеріп, инфрақұрылымдық жобаларға қаржыны мақсатты түрде бағыттауды көздейді. Осы арқылы аймақтардың дамуы арасындағы теңсіздік азаяды.

Үкімет тиімсіз шығындарды да қайта қарайды. Имидждік іс-шаралар, субсидиялар мен жөндеу жұмыстары секілді жалпы сомасы 3 трлн теңгеден астам шығын қысқартылып, мемлекеттік қолдау тетіктері бюджеттен тыс механизмдерге ауыстырылады.

Бюджеттің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында Жоғары аудиторлық палата жергілікті бюджеттердің жұмсалуын қатаң бақылауға алады. Жаңа Бюджет кодексінде мониторинг, есеп беру және жауапкершілік ережелері нақты бекітіледі.

Осының арқасында 2026 жылы жергілікті бюджеттердің даму шығыны 15 пайызға, ал 2028 жылы 25 пайызға дейін өседі деп жоспарланған. Қазір ел экономикасына құйылған 4,4 трлн теңге инвестицияның 20 пайызға жуығы бюджеттен бөлініп отыр. Жаңа жүйе өңірлердің қаржылық тәуелсіздігі мен жауапкершілігін арттырып, бюджет саясатын нығайтады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар