Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жұбайының табысына қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін жарияланған декларацияда министрдің жұбайы бір жыл ішінде 88 миллион теңгеден астам табыс тапқаны көрсетілген еді.
Журналистер министрден оның жұбайы мұндай қомақты қаражатты қалай тапқанын сұрады. Алайда Серік Жұманғарин өзінің барлық заң талаптарын орындағанын айтып, табыс туралы мәліметтің декларацияда ашық көрсетілгенін жеткізді.
“Егер адам декларация тапсырса, демек, жасыратын ештеңесі жоқ. Заң бойынша декларация тапсырып, оны жариялау керек. Мен осы талаптарды орындадым”, - деді Серік Жұманғарин.
Сонымен бірге ол қажет болған жағдайда жұбайының табысына есеп беруге дайын екенін айтты.
“Егер заң талап етсе, оның қалай табыс тапқанын, қандай бағалы қағаздарды сатып алып, қайсысын сатқанын да түсіндіремін”, - деді министр.
Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігі бұған дейін Серік Жұманғариннің 2024 жылға арналған декларациясынан мәліметтер жариялаған. Құжатқа сәйкес, министрдің отбасының жылдық табысы 88 млн теңгені құраған.
