«Мектепті тапсырмасаңыздар – әлеуметтік пәтерлерді сатып алмаймыз». Дархан Сатыбалды құрылысшыларға "ультиматум" қойды

Ақтоты Жапатова 11 мау. 2025 09:55

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісу ауданындағы жұмыс сапарын жалғастырды. Қала басшысы Қарасу өзенінің жағалауын абаттандыру, мектеп құрылысы және тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасымен танысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Биыл ауданда 26 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді, оның 15 шақырымы Кемел шағынауданында орналасқан.

«Бұрын да айтқанмын – барлық жол жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау қажет. Аудан әкімі тікелей бақылауға алуы керек», – деді Дархан Сатыбалды.

Бүгінде Жетісу ауданында 21 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Алайда халық санының өсуі мен белсенді құрылысқа байланысты 4 мыңнан астам оқушы орны жетіспейді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында әкімдік жобалық офисінің қолдауымен Бурундай көшесінде 1 200 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Сол аумақта мектеп салып жатқан мердігер компания 4 мың пәтерлік тұрғын үй кешенін де салып жатыр, оның 2,3 мыңын жұмысшы жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтуға арналған әлеуметтік бағдарламалар аясында әкімдік сатып алмақ. Осыны ескеріп, қала басшысы білім беру нысанының құрылысын барынша жеделдетуді талап етті.

«Егер мектепті уақытында тапсырмасаңыздар – біз әлеуметтік бағдарламалар үшін пәтер сатып алмаймыз. Ешқандай сөз болмайды, тапсырмасаңыздар – сатып алмаймыз», – деді Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ, қала әкімі Айнабұлақ (Арбат) шағынауданындағы және Мақатаев көшесіндегі жаяу жүргінші жолдарын абаттандыру және ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Жоба аясында көгалдандыру, жарықтандыру, жаяу жүргінші жолдарын төсеу және шағын сәулет нысандарын орнату қарастырылған.

Іссапар соңында қала басшысы тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Крылов–Скрябин–Гончаров–Райымбек даңғылы көшелері аралығындағы аумақта 16 үй сүріліп, тұрғындар көшірілген, 9 үй салынып, тағы 2 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Боткин–Қазаков–Гончаров–Скрябин–Райымбек даңғылы аумағында 6 үй сүріліп, 3 үй салынған және тапсырылған, 8 үйдің құрылысы жүріп жатыр, олардың құрылысы 2027 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар, жаңғырту бағдарламасынан тыс жеке инвестициялар аясында 10 ескі үй мен 11 жеке тұрғын үйді сүру жоспарланған.

«100 мың шаршы метр үй салынды, бірде-бір мектеп, бірде-бір балабақша, бірде-бір емхана жоқ. Мұның бәрін дұрыс есептеулеріңіз керек. Архитекторымызға бәрін қайта есептеуді тапсырамын», – деді Дархан Сатыбалды.

Ол реновация бағдарламасын жүзеге асыру кезінде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін жүктемені ескеру қажет екенін нақтылады.

Бұдан бөлек, Алматы әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініштерін тыңдады. Бірқатар мәселеге әкім орынбасарлары мен басқарма басшылары сол жерде түсініктеме берді. Қалған сұрақтар хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта іске асыру үшін бақылауға алынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар