Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп басшылығына жаңажылдық шырша мен сенбілік өткізу үшін ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
БАҚ өкілдері министрге мектептерде өткізілетін жаңажылдық іс-шаралар, сенбілік және шыршаға ақша жинау мәселесіне қатысты сұрақ қойды. Министрдің айтуынша, ақша жинауға қатысты министрлік бұйрық шығарып, тыйым салған.
“Мектепте ешқандай ақша жиналмауы керек. Бұл ереже мектеп бітіру кешіне де, жаңажылдық шыршаға да қатысты. Барлық шараны ақша жинамай-ақ өткізуге болады. Қазіргі уақытта іс-шаралар ‘Біртұтас тәрбие’ бағдарламасы аясында жоспарланып отыр,” – деді Бейсембаев Үкіметте өткен брифингте.
Министр сенбілік пен шыршаны қосымша шығынсыз өткізуге болатындығын атап өтті. Сонымен қатар ол мұғалімдерге тек рұқсат етілген мөлшерде гүл сыйлауға болатынын айтты.
“Мұғалімдер ешқандай сыйлық күтпейді. Біз балаларды оқытып, тәрбиелегеніміз үшін материалдық ынталандыруды қажетсінбейміз. Егер білім беру мекемелерінде мұндай жағдай орын алса, біз тиісті шаралар қабылдаймыз,” – деді министр.