Бүгінде мектепке жұмысқа тұрудың өзі қып-қызыл саудаға айналған. Ал мектепті мұғалімдерге сағат бөлу әділ жүреді деп айтудың өзі қиын. Мұғалімдердің айлығы көтерілгелі бер ақша жинау, парақорлық тіпті үдеп барады. Ұстаздар қауымның көтерілген айлығы жемқорлықты еселеп, өсіруде.
Мұғалімдерден ақша жинау ісін мектепке әр мекемеден баратын комиссиялар тіпті үдетіп жібергенін жасырмай айтуымыз керек.
Аудан, облыстан әне-міне комиссия келеді деген хабар жеткен сәттен бастап, мектеп директорлары мұғалімдерді шырылдатып ақша жинай бастады.
Егер Оқу-ағарту министрі мектептегі жемқорлықты жойғысы келсе, әр нәрсені желеу етіп, мектепке қарай ұша жөнелетін комиссияны тоқтату керек.
Бүгінде мектеп директоры комиссия күтіп, шығарып салу үшін (қалтасына ақша да салатыны анық) әр мұғалімнен 10-15 мың теңгеден жинайтыны жасырын емес.
Бір мектепте 70-80 қызметкер бар десек, солардан орта есеппен 10 мың теңгеден жинағанда, бір комиссияның аптығын басу үшін мұғалімдер 700-800 мың теңге шығындауына тура келеді.
Ал 15 мың теңгеден жинаса, комиссияның бетін қайтару операциясы 1, 2 млн теңгеге шығып кетеді. Осыдан-ақ, мектепке комиссияның неге келгіштей беретінін түсінуге болады.
Ал осындай комиссиялар мектепке жылына 4-5 рет келетінін ескерсек, мұғалімдер комиссия үшін жылына орта есеппен 4-5 млн теңгенің аралығында ақша жинайтынын байқауға болады.
Бұдан басқа ақша жинауды әдетке айналдырған мектеп директорының жылына бір рет айналып келетін туған күнін қоссаңыз, мұғалімдерден жиналатын ақша тағы 1 млн теңге артады.
Бұдан басқа жарықтың шамын, көрнекілік құралдар, тағы біз біле бермейтін заттарды аламыз деп тағы да қырауар ақша жиналады. Бұлардың бәрін есептесеңіз, мұғалімдерден жиналатын жылу жылына 10-15 млн теңгеге жетіп жығылады.
Бұдан басқа мектеп директорлары мұғалімдерге беретін сағаттарын сағызша созып таратқанда тағы да ақша дәмететіні жасырын емес.
Ең бастысы қазір мектептегі жемқорлықтың өрістеуіне аудандық, облыстық білім бөлімдерінен келетін комиссиялар катализатор болып тұрғанын жасырын емес.
Егер Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептегі жемқорлықпен шындап күрескісі келсе, мектепке баратын комиссияға мороторий жариялауы керек. Мемлекет кәсіпкерлерге қыдыңдап ай сайын келіп тұратын тексерушілерге (олардың да мектепке баратын комиссиядан айырмасы шамалы) моротрий жариялағаннан кейін кәсіпкерлер біразға дейін кең тыныстап қалғанын білеміз?
Сондықтан мектепті қажеті жоқ комиссиялардан арашалап алатын кез келді.
Бұл – комиссия дегеніңіз мектепті жемқорлықтың батпағына батырып бітті. Осының кесірінен мектеп директорлары қарны жуан месқарын жемқорға айналып жатыр.