Қазақстанның ұлттық медициналық ғылыми институттары адам өмірін сақтап, күрделі оталар жасауда күн сайын жаңа жетістіктерге жетіп келеді. Осыған орай, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың бастамасымен маңызды кездесу өтті. Кездесу барысында кардиохирургия, онкология, травматология, нейрохирургия және басқа да жетекші медициналық институттардың басшылары бейінді PhD-докторларды осы институттарда даярлау мәселесін талқылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазіргі уақытта докторантура тек университеттерде ғана қолжетімді. Алайда бұл әдіс медицина саласы үшін жеткіліксіз екені байқалуда. Аймағамбетовтың айтуынша, теория мен практиканы үйлестіру үшін докторанттардың білім алу үлгісін қайта қарау қажет.
Ұсынылған өзгерістер қандай?
• Мемлекеттік тапсырысты тікелей Ұлттық медициналық ғылыми институттарға бөлу.
• Медициналық институттар жанынан диссертациялық кеңестер құру.
• Практикасыз жүзеге аспайтын бейінді бағдарламаларды ғылыми институттарда енгізу.
Асхат Аймағамбетов бұл модельдің артықшылықтарын да атап өтті.
“Университеттер докторанттарды теориялық біліммен қамтамасыз етсе, ғылыми институттар практикалық тәжірибе беріп, жас ғалымдарға күрделі операцияларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл – медицина саласында білікті мамандар дайындаудың ең тиімді жолы”, — дейді ол.
Неліктен бұрынғы жүйе жұмыс істемеді?
Депутаттың сөзінше, бұған дейін консорциум моделі енгізілмек болған. Алайда қаржыландыру мен мемлекеттік тапсырысты ұйымдастырудағы қиындықтар, университеттердің тәлімгер тартуға құлықсыздығы және басқа да ұйымдастырушылық мәселелер бұл бастаманың толық іске асуына кедергі келтірген.
Медицина саласының өкілдері бұл бастаманы қолдап отыр. Өйткені жас ғалымдар тек кітаптағы теориямен шектелмей, шынайы операцияларға қатысып, тәжірибелі хирургтармен бірге жұмыс істегенде ғана өмір құтқарудың қыр-сырын меңгере алады.
“Медицина – бұл тек ғылым ғана емес, өмір құтқарудың өнері. Енді медицина саласының болашақ мамандарын дайындау жүйесін қайта қарап, шынайы тәжірибеге негізделген өзгерістер енгізетін уақыт келді,” – дейді Аймағамбетов.
Депутат жаңа бастама медицина саласындағы докторанттарды даярлау сапасын арттыруға және ұлттық ғылыми институттардың әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік береді.