Медиаторлар? Олар бүгінгі заманның билері іспеттес – сарапшы

Dalanews 31 шіл. 2022 09:20 838

Соңғы жылдары Ассамблея тарапынан еліміздегі Медиаторлар институтын қалыптастыруға көп күш жұмсалды. 

Ұйымның жанынан құрылған Медиация институтына осы айда 6 жыл толды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Көпұлтты Қазақстанда медиаторлар қауымдастығын құру аса маңызды. Сол арқылы үлкен дауға ұласуы мүмкін ұрыс-жанжалдың алдын-алуға болады.

Қызылжар қаласында орналасқан "Медиация орталығының" жетекшісі Галина Пехотинаның мәлім еткеніндей бүгіндері Ассамблея сапында 2 мыңға жуық білікті медиатор бар. Соңғы 5-6 жылдың бедерінде медиаторлардың алдында 120 мыңнан аса азамат арыз айтып келген.

"Арыз-шағым иелерінің мәселесі сотқа жетпей, бейбіт түрде шешілді. Тұрмыстық дау-дамай ұлт араздық ұрыс-керіске ұласпауы үшін көптеген азаматтар кәсіби мамандардың көмегіне жүгінеді. Ассамблеяға қарасты Медиация институты да қарап жатқан жоқ. Соңғы жылдары еліміздің ырыс-ынтымағын арттыра түсуге арқау болған 16 мыңға жуық маңызды іс-шара ұйымдастырдық. Бұл бастама шамамен 300 мыңға жуық тұрғынды қамтыды", – дейді ол.

Пехотинаның атап өткеніндей медиаторлар бүгінгі заманның билері іспеттес. Олар екі тарапты татуластыруға тырысып, екі жақтың да көңілі толайтын парасатты шешім қабылдауға тырысады. 


"Әлбетте, бұл келісімнің заңдық күші болуы керек. Сол себепті татуласқан тараптап "медиативті ұйғарым" деп аталатын құжатқа қол қояды, осылай ортақ мәмілеге келді. Қателеспесем, қазіргі уақытта Ассамблея қарайтын 20-ға жуық Медиация кеңесі жұмыс істейді. Ассамблея басшылығы осынау ұйымдардың өкілдерімен үнемі ақылдасып, кеңесіп отырады", – дейді маман.

Айта кетелік, Ассамблея жанындағы Медиация ұйымдарымен еліміздегі Заңгерлер алқасы, Адам құқы жөніндегі өкілдік, "Атамекен" палатасы және басқа да маңызды құрылымдар әріптестік байланыс орнатқан.

Медиация кеңесінен бөлек, Ассамблея филиалдарында медиация бөлмелері ашылғанын да айта кетуіміз керек.

Бұдан бұрын Dalanews.kz тілшісі Алматы қаласында "Достық" үйінде орналасқан 17 медиация бөлмесі туралы ақпарат берген болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар