“Майқайыңдағы” төрт құтқарушының қазасы: экс-басшылар сот алдына шықты

Қаракөз Амантай 16 сәу. 2025 12:40 281

Баянауылда “Майқайыңалтын” кенішінде қаза тапқан төрт құтқарушыға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айыпталушылар орындығында – компанияның бұрынғы бас директоры Қуаныш Ботин, оның бірінші орынбасары Қанат Баширов және кеніш директоры да бар тағы төрт лауазымды тұлға отыр. Олардың барлығы 2024 жылғы қыркүйектен бастап үйқамақта болған. Айып ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігі бойынша тағылып отыр – "Адам өліміне алып келген өндірістік қауіпсіздік талаптарын бұзу".

Қайғылы оқиға 2024 жылдың 4 қаңтарында болған: шұғыл шақыртуға бара жатқан РЦШ ПВАСС құтқару тобы отырған автобус кеніш аумағындағы үлкен шұңқырға құлап кеткен. Көліктегі төрт құтқарушының бәрі көз жұмды. Екеуінің денесі сол күні табылса, қалғандарының сүйектері алты айдан кейін ғана анықталған.

Арнайы комиссия апатқа толық жауапкершілікті жұмыс берушіге артты. Бұл қорытындымен келіспей, сотта дауламақ болғандардың әрекеті нәтиже бермеді. Бұған дейін өндірістік қауіпсіздікке жауапты екі инспектор да жауапкершілікке тартылып, оларға бостандықты шектеу жазасы тағайындалған болатын.

2025 жылдың сәуірінде “Майқайыңалтын” акционерлік қоғамының меншік иесі ауысып, жаңа иесі ретінде “АК Алтыналмас” компаниясы тіркелді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар