Тележүргізуші Анна Данченко әншінің тойын онлайн көру неге ақылы екенін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айтуынша, бұл қадам қаржылай пайда табу үшін емес, техникалық шығындарды өтеу үшін жасалған.
"Тойды тікелей эфирде көрсету арнайы келісіммен жүзеге асады және ол қызмет ақылы. Жиналған қаржы Сәкеннің жеке кірісі емес, трансляцияға жұмылдырылған түсіру тобы мен сервер шығындарын өтеуге бағытталады", – деп түсіндірді Данченко.
Ол сондай-ақ онлайн эфирге қосылу құны 1380 теңге екенін айтып, бұл соманы символдық төлем ретінде бағалады.
Айта кетейік, танымал әнші Сәкен Майғазиев көпшілікті ұлы Әділет пен келіні Әдияның үйлену тойын онлайн көруге шақырды. Бұл туралы әншінің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Әділет пен Әдияның қуанышына арнайы Telegram-арнасы ашылған. Тойды үйінде отырып-ақ тамашалағысы келетін жұрт осы арнаға тіркеліп, мерекенің ең жарқын сәттерін көре алады.
"Ұлымыздың үйлену тойын сіздермен бөлісу үшін арнайы жабық Telegram-арнасын аштық. Бұл арнада тойдың ерекше әрі қызықты сәттерін онлайн тамашалауға мүмкіндік бар. Қуанышымызға ортақтасып, онлайн тойымыздың қадірлі қонағы болуға шақырамыз", – делінген хабарламада.
Той трансляциясына қосылудың ақылы екенін де ескерте кетейік. Telegram-арнаға тіркеліп, тойдың онлайн қонағы болғысы келгендерге 1380 теңге төлеу қажет.
Еске сала кетсек, бұған дейін Сәкен Майғазиевтің ұлының той алдындағы ұзату рәсімі әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Әншінің келіні дәстүрлі түрде кілемнің үстінде ұзатылды.