Бүгінгі таңда мемлекетті саяси жағынан жетілдіру үшін Президенттің идеялары мен ұсыныстарына ұсыныс-пікір білдіру, сын-көзқарас айту аса маңызды. Осыған орай ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегииялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Айгерім Абдрашитова Астанада өткен мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында көтерілген мәселелерге баға беріп, ол алдағы уақытта қандай нәтиже беретінін және жергілікті басқарудағы түйткілдер туралы айтты.
«Халықаралық тәжірибе жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің табысты жұмыс істеуі үшін орталықсыздандыру, азаматтардың қатысуы, басқарудың ашықтығы, барабар қаржыландыру және цифрландыруды енгізу қажет екенін көрсетеді.
Мысалы, Швеция мен Швейцарияда жергілікті өзін-өзі басқару айтарлықтай автономияға ие және көптеген мәселелер бойынша өз бетінше шешім қабылдай алады, әлеуметтік қамсыздандыруды, білім беруді, инфрақұрылымды және азаматтардың күнделікті өміріндегі мәселелерді басқарумен айналысады.
Азаматтарды шешім қабылдау процесіне қосу Дания мен Германияда белсенді қолданылады, бұл жергілікті билік органдарына сенім қалыптастырады және қабылданатын шешімдердің сапасын жақсартуға әсер етеді», - деді сарапшы.
Айгерім Абдрашитованың пікірінше, сайлау жүйесіндегі өзгерістер, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Тұжырымдамасын әзірлеу арқасында біз оң нәтижелерге қол жеткіздік. Бірақ елімізде жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңды жетілдіру, мәслихаттардың жұмысын қамтамасыз етуге цифрлық технологияларды енгізу және депутаттардың біліктілігін арттыру мәселелері түбегейлі шешілмеген. Аталған түйткілдер бойынша талап ететін мәселелер әлі де бар.
«Бүгінгі таңда мәслихаттардың шешімдер қабылдауда, әсіресе қаржы және бюджет бөлігінде өкілеттіктері шектеулі. Жергілікті мемлекеттік басқарудан тәуелсіз деп айтқанымен, мәслихаттар айтарлықтай дәрежеде әкімдіктерге тәуелді. Ықпал ету мен басқарудың нақты тетіктерінің болмауы өз кезегінде халық тарапынан депутаттардың жұмысына сенімсіздікке әкеледі. Депутаттардың өздері шектеулі өкілеттіктерді көріп, кей кездері мандаттан бас тартады. Сәйкес заңға өзгерістер енгізіліп, депутаттар әкімдіктің бюджеттік комиссияларының жұмысына қатысуға, қажет болған жағдайда бюджетті нақтылауға бастамашылық жасауға және халық алдында жылына бір реттен артық мәслихаттардың жұмысы туралы есеп беруге құқылы болу керек.
Сол кезде Президент атап өткен халықпен тікелей жұмыс істеу, азаматтар көтеретін мәселені бақылауда ұстау, жергілікті экономикалық саясатқа ықпал етуі жүзеге асырылады», - деді сарапшы.
Сарапшының пайымдауынша, тағы бір мәселе бар. Ол - мәслихаттар аппаратының жұмысы. Бүгінгі таңда заң бойынша мемлекеттік қызметшілердің штат санының лимиті тиісті мәслихаттар депутаттарының санына қарай бір қызметкердің бес депутатқа қатынасында белгіленеді. Бұл жағдай аппараттың сапасы мен жылдамдығын төмендетеді. Қызметкерлер келіп түскен сауалдарды өңдеуге және депутатқа ақпарат жинауға көмектесуге үлгермейді. Сол себепті мәслихаттардың толыққанды жұмыс істеуі үшін аппарат штатын ұлғайтқан жөн.
«Президент мәслихат депутаттарының құзыреттілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру қажеттігін атап өтті. Бүгінгі таңда заң бойынша олар сайланған соң алғашқы жылында оқытылады, бұл жеткіліксіз. Бюджет қалай қалыптасады, заңдар қалай дайындалады және қабылданады - әрбір депутат оларды білуі керек. Әсіресе, азаматтық сектордан таңдалған депутаттар біле бермейтін базалық білім. Қазір бірден бірнеше институт жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңды жетілдірумен айналысады, Парламентте жағдайды жақсартуға қызығушылық танытуда. Мәслихаттар – халықтың өзі сайлаған депутаттар, олар халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін жұмыс істейтін орын. Сондықтан мәслихаттардың тиімділігі халық үшін аса маңызды», - деп ой түйіндеді Айгерім Абдрашитова.