Мәскеудегі парад: Путин АҚШ пен НАТО-ға мәлімдеме жасады

Dalanews 09 мам. 2022 13:05 765



Ресей 24 ақпанда Украинаға басып кіріп, "алдын ала соққы берді", бұл "жалғыз дұрыс шешім" болды деп мәлімдеді Владимир Путин Мәскеудегі Қызыл алаңдағы парад кезінде. 





Ресей мен СССР-дің бұрынғы елдері Жеңіс күнін атап өтіп жатыр. 77 жыл бұрын СССР нацистік Германияны тізе бүктіргенін мәлімдеген.

Биыл бұл мереке Ресейдің Украинаға шабуыл жасап жатқан кезінде атап өтіліп жатыр. Ресей Украинаға шабуылды "арнайы операция" деп атайды.

Путин бұл әрекетіне себепші болған АҚШ пен НАТО елдері дейді. Оның сөзінше, "АҚШ пен НАТО елдері Украинаны Ресейге қарсы соғыс ашуға дайындаған".


Путин Герман -Совет соғысында қаза тапқандармен қоса Украинада қайтыс болған жауынгерлерді де бір минөт еске алуды ұсынды. Ол қайтыс болғандар мен жараланғандардың отбасына көмек көрсету жөнінде жарлық шығарғанын мәлімдеді.

Жеңіс күні қарсаңында батыс ақпарат құралдары Путин 9 мамырда Украинаға ашық соғыс жариялауы мүмкін деген болжамын жазған. Бірақ Путин мұндай мәлімдеме жасамады.

Парад трибунасында Ресей үкімет басшысы Михаил Мишустин, Қауіпсіздік кеңесінің төраға орынбасары Дмитрий Медведев және патриарх Кирилл тұрды.

Парадты қорғаныс министрі Сергей Шойгу қабылдап алды. Ауа райына байланысты парад кезінде Қызыл алаңның үстінен әскери ұшақтар ұшпайды деп хабарланды.

Бүгін сонымен бірге Ресейдің көптеген қалаларында "Өлмес полк" маршы өтіп жатыр. Бұл шара пандемиядан кейін араға үш жыл салып бірінші рет өтіп жатыр. Бұл шарада соғысқа қарсы сөздер жазылған плакатпен шыққандар ұсталған.

Украинада да Жеңіс күні атап өтіліп жатыр. Бірақ ешқандай шара болып жатқан жоқ. Украина президенті Владимир Зеленский 9 мамыр қарсаңында гитлерлік Германия мен қазіргі Ресейді салыстырды. Ол жақында Украина екі бірдей Жеңіс күнін атап өтеді, ал бір жерде мұның бірін де атап өтпейді деді.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар