Мәскеуде "Транснефть" вице-президенті Андрей Бадалов қаза тапты. Ресейлік БАҚ-тардағы мәліметке сәйкес, ол өз-өзіне қол жұмсаған болуы керек. Бадаловтың денесі оның Рублевкадағы үйінің терезесі тұсында тас жолдан табылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Марқұм компаниядағы цифрлық трансформация және ақпараттық технологиялар мәселелеріне жетекшілік етіп келген.
"Транснефть" магистральдық мұнай құбырлары жүйесі қазақстандық мұнайды шетелге жеткізуде шешуші рөл атқарады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Еуропалық Одаққа мұнай тасымалы көлемі бойынша Норвегия мен АҚШ-тан кейін үшінші орынға ие болды. Сәуір айының соңында ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов "ҚазМұнайГаз" 2025 жылы Қарашығанақ кен орнынан "Дружба" құбыры арқылы немістің Швед қаласындағы ірі мұнай өңдеу зауытына 2,2 млн тоннаға дейін мұнай жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізгенін мәлімдеген еді.
The Moscow Times басылымы Ресейдің Украинаға шабуылы басталғалы бергі бұл мұнай-газ топ-менеджерінің оныншы жұмбақ өлімі екенін атап өткен. 2024 жылдың қазан айында Мәскеудегі үйінің терезесі алдынан "ЮКОС ЭП" компаниясының Корпоративтік менеджмент жөніндегі экс-вице-президенті Михаил Рогачевтың денесі де тура осылай табылған болатын. Сол кезде Mash арнасы оның онкологиялық ауруға шалдыққанын жазған. Алайда, бұл мәлімет кейіннен марқұмның туыстары тарапынан жоққа шығарылған.