"Тамаша" шоуы арқылы көпшілікке танылған актер Алмат Сақатов әнші Димаш Құдайбергеннің өнердегі орны туралы айтты, деп dalanews.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол YouTube желісіндегі "Qazaq Airan" жобасына берген сұхбатында соңғы уақытта ел арасында "Маскадағы адам" аталып жүрген блогерге қатысты да пікір білдірді. Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары қайырымдылық жасап жүрген бұл адамның қимылы мен бейнесін Димаш Құдайбергенге ұқсатып, түрлі болжам айтқан еді.
Актерден осы жұмбақ адамның Димаш болуы мүмкін бе деген сұрақ қойылды. Алмат Сақатов мұндай нұсқаны жоққа шығармады.
"Димаш болуы да мүмкін. Қазір Димаш өте танымал, сондықтан ол елдің назарында жүр", – деді ол.
Сонымен қатар актер Димаш Құдайбергеннің қазақ өнерін әлемге танытудағы еңбегін ерекше бағалады. Оның сөзінше, Димаш – қазақ сахнасында сирек кездесетін феномен.
"Соңғы 70 жылдағы қазақ өнеріндегі тұлғаларды жинасақ та, олар Димаштың еңбегіне жете алмайды. Ертең мені осы сөзім үшін сынайтын шығар. Димаш секілді әлемнің түкпір-түкпірінде ән айту бірде-бір қазақ баласының қолынан келмеген. Ол тарих жасап тастады. Димашқа Құдай ұзақ ғұмыр берсін", – деді Алмат Сақатов.