Мәсімовтің қылыштары мен қымбат заттары сатылды

Көркем Алдабергенова 18 там. 2025 12:11

Кәрім Мәсімовтің зәулім үйінен тәркіленген 43 зат аукцион арқылы сатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сауда 15 тамыз күні e-Qazyna платформасында өтті. Бастапқы баға шамамен 7 млн теңгені құраған. Нәтижесінде қылыштар мен естелік монеталар секілді заттар 10 млн теңгеге сатылып кетті.

Ережеге сәйкес, аукцион жеңімпазы сауда аяқталғаннан кейін он жұмыс күні ішінде сатушымен келісімшарт жасасуы тиіс. Жеңімпаз активті тек қаражат толықтай сатушының шотына түскеннен кейін ғана алады.

Түскен қаржы әлеуметтік маңызы бар білім беру, денсаулық сақтау және инфрақұрылымды дамыту жобаларын қаржыландыратын Арнайы мемлекеттік қорға бағытталады. Қор қаражаты сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға жұмсалады.

Еске салайық, бұған дейін Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйі үшінші рет саудаға қойылған болатын. 

Аукцион 13 мамыр күні өтуі керек болған. 

Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания Нұра ауданы Ерейментау көшесі, 1 мекенжайында орналасқан еңселі зәулім үйді сатуға қойылған болатын.

Бастапқы бағасы – 1,8 млрд теңге, кепілдік жарнасы – 118 млн теңге.

Қызығы, дәл осы үйдің суреттерін 2022 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті экс-төраға Кәрім Мәсімов қамауға алынған кезде жариялаған еді. Тергеу барысында оның заңсыз иемденген бірнеше нысаны анықталған, солардың бірі - еңселі коттедж.

Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталды. Кейін оған «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алуға әрекеттенді» деген ауыр айыптар тағылып, 2023 жылғы сәуірде 18 жылға сотталды. Ол үкімге аппеляциялық шағым түсіргенімен, сот шешімді өзгертпеді. Былтыр жазда «рақымшылыққа ілігемін бе» деген үміті де ақталмай, Тоқаев «мұрттының» өтінішін мақұл көрмеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар